Жандос Сұңғатов, Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты қоғамда кеңінен талқылануда. Сұхбатта Президент еліміздің саяси реформалары, экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік әділеттілік, мәдениет және қазақ тілін дамыту мәселелеріне тоқталды.
Соның ішінде бәрімізді әуре-сарсаңға салған тасқын судың әлегі бар. Газеттің редакторы, ақын Ерлан Жүніс сұрақты бұрмаламай, нақты қойды. «Бірақ қарғын су кезінде қордаланған көптеген мәселенің беті ашылды. Мемлекет осы табиғат апатынан қандай сабақ алды?» дегеніне Қасым-Жомарт Кемелұлы да жалтармай жауап берді.
Президент қазақ тілінің болашағына сенім білдіріп, оның бәсекеге қабілеті мен үйренуге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Ол қазақ тілін білу азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды факторға айналып отырғанын айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ішкі саясат мәселелерімен күнделікті айналысатынын және бұл жұмыстың өте маңызды екенін атап өтті. Ол өзінің қызметінде сыртқы саясатқа басымдық беріліп кетті деген пікірдің дұрыс емес екенін айтты.
Президент Қаңтар оқиғасына қатысты да пікір білдіріп, бұл оқиғадан зор сабақ алғанымызды және елдегі билік тұрақтылығының маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы уақыт белдеуіне қатысты мәселені мұқият талқылау қажеттігін атап өтіп, Парламент пен Үкіметтің оны жан-жақты зерттеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенім білдірді.
Президенттің мерзімді баспасөзге, әсіресе қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсетуі де қоғам назарын аударды. Ол газет-журнал оқуды жас кезінен қалыптасқан дағдысы екенін айтып, мерзімді баспасөзді мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі ретінде бағалады.
Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты қоғамда оң бағаланып, еліміздің даму бағыттары мен мемлекеттік тілдің болашағы туралы маңызды пікірлерімен бөлісті.