13.12.2024, 12:45
Оқылды: 109

Света Иданқызы: «Малдың саулығы – адам саулығының кепілі»

Бөкейордалық Светлана Сатыбалдиеваның еңбек кітапшасында бір ғана мекеме атауы тұр. Ол мекеме – Бөкейорда аудандық ветеринариялық зертханасы. Сонау 1986 жылдың 15 тамызында жас маман ретінде жұмысқа тұрған Света Иданқызы табан аудармастан осы мекемеде қызмет атқарды.

52efdc0a-87a2-4857-938d-2e29d48a9f29

Түгелдей бір мекеменің қалыптасу тарихы, тоқырау жылдарындағы қиындықтары, Тәуелсіздіктен кейінгі жетістіктері, бәрі-бәрі дерлік Иданқызының көз алдында.

Кейіпкеріміз 1986 жылы Саратов мемлекеттік зоотехникалық-ветеринариялық институтын тәмамдап, туған жеріне жас маман боп оралады. Келе сала, Бөкей орда аудандық ветеринариялық зертханасына ветдәрігер-серолог боп қызметке тұрады.

Светлана Сатыбалдиеваның бұл мамандыққа келуінің де бір тарихы бар.

– О бастағы арманым – дәрігер болу еді. Мектеп бітірген соң медициналық институттардың біріне құжат тапсырып, бағымды сынап көрсем деген ойым болатын. Әкем марқұм: «Қызым, мединститутқа түсу оқуынан да қиын. Түсе алмай қалсаң, тауың шағылып қалар. Ветеринарлық институтқа тапсырсаңшы» деп ақылын айтты. Осы мамандықты таңдауымды құп көрді. Мен де ойлана келе, әкемнің ақылын қабыл алдым. Әкем Идан Алматыда АЗВИ-ды тәмамдаған зоотехник, атам Елемес осы мамандық бойынша Ленинградта білім алған екен. Бауырларым ұстаздықты, заңгерлікті таңдаса, маған атам, әкемнің ізімен мал шаруашылығына қатысты мамандық бұйырыпты. Сол кезде жоғары білімді зоотехник, ветеринар даярлайтын қара шаңырақ саналған Саратов мемлекеттік зоотехникалық-ветеринариялық институтына оқуға түстім. Іргетасы 1919 жылы қаланған бұл білім ұясынан облыс, республика көлеміне танымал басшылар білім алған. Владимир Ульянов, Валентина Новинская сияқты профессор, ғылым докторларының дәрісін тыңдадық. Кейін Ленинград сияқты үлкен қалаларға барып, зертхана ісі бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өттім. Валентина Буклешева, Нина Чирикаева сияқты өз саласының жанкешті мамандарымен жұмыстас болдым. Владимир Будко, Мақсат Тапанов, Бисенғали Аманжолов, Нұрсұлу Жұбаеваларымен қоян-қолтық жұмыс жасадым. Бұлардың  әрқайсы – жас маман үшін үлкен мектеп. Жалпы, осы мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін. Адамның болмаса да, төрт түлік малдың ауруын анықтап, жаппай қырылудың алдын алуға жұмыстанамыз. Адамдарды ауру малдың өнімінен сақтандырамыз. Арманымдағы мамандығыммен пара-пар емес пе?! – дейді Светлана Сатыбалдиева. Айтса, айтқандай.

11459617-e4c5-47c9-8f0f-47a097800d34

– Малдың саулығы – адам саулығының кепілі. Бұрын мал өнімдеріне бақылау қатаң еді. Зертхана мөрінсіз ет өнімдері сөреге шығарылмайтын. Сүт өнімдері де солай. Қазір үйден отырып, еркін сауда жасаймыз. Зертхана қорытындысы сатушыға да, тұтынушыға де керек емес. Малдан жұққан ауру – батпандап кіріп, мысқылдап шығатын ауру. Біресе қызу көтеріліп, біресе қалтырап тоңдырып, сүйекті сырқыратып, жүректің қызметін әлсіретіп, дер кезінде ем қабылдамаса, өлім-жітімге әкеп соқтыратын бруцеллезге жүрдім-бардым қарап жатамыз. Зертхана мөрі жоқ балық та қауіпті. Балықтан улану – білдіртпей алып ұратын өлім десем, артық айтқаным емес. Қазір ет сататындар да, сүт өнімдерін сататындардың ешқайсысы да сақтық шараларын қабылдап, зертхана қызметіне жүгіне бермейтіні өкінішті. Дәл қазір тек балабақша, мектептерге берілетін ет-сүт өнімдерін тексеріп, тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Осы орайда балабақшаны азық-түлікпен қамтамасыз етуші кәсіпкер Ермек Меңдешевтің жауапкершілігін атап көрсеткім келеді. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын азамат, – дейді Светлана Сатыбалдиева.

Кейіпкеріміз аудандық ветеринариялық зертхананың шежірешісі іспеттес. Зертхананың бұрынғы ғимаратын көрсетіп, басшылары мен әріптестері туралы, тапшылық жылдарындағы мекеме тынысы, мал жаппай ауруға ұшыраған сындарлы жылдар жөнінде сағаттап айтуға бар.

– Алғашқы басшым – Уалитхан Мұқанов еді. Кейін Қажыбай Атаев ағамыздың қарауында жұмыс жасадым. Вера Загородникова сияқты ветсанэксперт мамандармен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Кейін токсиколог-биохимик лауазымында да қызмет жасадым. Тоқырау жылдары он сегіз қызметкер едік, қысқарып-қысқарып, екі адам қалған кездеріміз болды. Ол кездегі жұмыстың қиындығы қазір ертегі-аңыздай естілетін шығар. Қарапайым ғана пробка, шприцтарды алайықшы, қолымызбен жуып, зарарсыздандырушы едік. Қанды тамшуырмен (пипеткамен)  алып, тамызып, әбігер боп жататын едік. Қазір бәрі бірреттік, вакуумды құрылғылар. Қазіргі ханның қызындаймыз ғой, – дейді Иданқызы өткеннен сыр шертіп.

Айтқандай-ақ. Аудандық ветеринариялық зертхана ауылдан оқшаулау, екі қабатты ғимараттықоныс қылған. Мұндай модульдік ғимарат облысқа қарасты он алты зертхананың жартысына ғана тиесілі екен.

– Светлана Иданқызы қырық жылға жуық ветеринарлық зертхананы басқарып отыр. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы тоқырау заманында диагностикум, реактив, шаруашылыққа қажетті зертхана жұмысының тоқтатпау үшін басшы ретінде бар күш-жігерін салды. Кейін Президент тапсырмасымен республика көлемінде біртипті модульдік зертханалар салына бастады. Сондай ғимараттардың алғашқысы 2012 жылы Бөкей Орда ауданында салынды. Сол кезде де Светлана Иданқызы құрылыстың басы-қасында боп, ұйымдастыру қабілетімен ерекше ат салысқан. Заң-заман талабына сәйкес, «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заңында белгіленгендей барлық зертханалар II-IV топтағы микроорганизмдермен жұмыс істеу үшін құзырлы мекеме режимдік комиссиядан рұқсат алуы шарт. Светлана Иданқызының ұйымдастыруымен бөкейлік әріптестеріміз бұл мәселені де шешіп, биыл тиісті рұқсатын алды. Иданқызының мен құрметтейтін қасиеті – қызметіне жалақы алып отырған жұмысым, жүктелген міндетім деп қарамайды, өзі басқарып отырған ұжымның болашағына жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарайтыны. Жалпы, қос қызметті, яғни, зертханалық жұмыспен қоса, ғимарат-шаруашылық ұйымдастыру екініңбірінің қолынан келе бермейді. Бұл басшының ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін көрсететіні сөзсіз. Светлана Сатыбалдиеваныоблысқа қарасты барлық аудандық филиалбасшылары да өз саласының мықты маманы деп құрмет тұтады. Әріптесімізді зейнет жасына толуымен құттықтаймыз. Деніне саулық, басына амандық, шаңырағына шаттық тілейміз, – дейді «Республикалық ветеринарлық зертхана» РМК облыстық филиалының директоры Болат Айталы.

Кейіпкеріміздің облыстағы басшылары іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағаласа, қарауындағы қызметкерлері Иданқызының адами қасиеттерін айтады.

– Светлана Иданқызының қол астында қызмет етіп келе жатқаныма он төрт жылдан асты. Диплом алып, қызметке тұрғандағы алғашқы басшым осы Светлана Иданқызы. Талапшыл, тәртіптің адамы. Әйел заты болған соң түсіністікпен қарайды, тірліктің кез келген жағдайына қолдау білдіреді. Маман ретінде де, қарапайым адам ретінде өмір сүргені бар, түйгені мол адам ғой. Жақын апамыздай, ақылын айтып, жөн сілтеп отырады. Басшы ретінде де, жақсы адам ретінде де құрмет тұтамыз, сыйлаймыз, – дейді әріптесі Тұрсынай Әлжанова.

Айтса, айтқандай. Светлана Сатыбалдиева ауылдастарына ардақты ана, дастарханы берекелі әйел заты ретінде сыйлы. Иданқызы бұған дейін де үнжарияның «Берекелі бибі» бетіне де кейіпкер болған еді. Қыстың қамын жаз ойлап, балшырынды компот, тәтті тосабын көптеп жабатын, қарапайым нанының өзі елден ерек дәмді деп Светлана Иданқызын тек біз емес, ел мақтайды.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале