Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылдық округінде бүгін «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы өтті.
Топ құрамындағы «AMANAT» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев , аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының төрағасы Мирхат Ибраев, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайыржан Есетов ауыл тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.
Ауыл тұрғындары негізінен жұмыс, ауыл жағдайы төңірегінде мәселелер қозғады.
Мәселен, ІІІ топ мүгедегі Орнай Отарова жеңіл жұмысқа жарамды болғанымен, жұмыссыз отыр.
Абай ауылының тұрғыны Гүлмира Таңатар да нәпақа айырар жұмыс іздейді. Жұбайы да жұмыссыз. Отбасының жағдайына қаныққан топ мүшелері оларға жұмыс қарастыруды ауыл әкіміне тапсырды.
Аудандық тұрғын үй- комуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайыржан Есетовке жолыққан Самал Елемесоваға тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі түсіндірілді.
Ауылдың жайы, балалардың жағдайын көтеріп келген жергілікті саз мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Бисенғалиева біріктірілген мекемелерді бөлу жөнінде ұсыныс жасады. Саз мектебінің тозығы жеткен ғимараты жұмыстануға қолайсыз екендігін айтқан ол ашса жабылмайтын, жабылса ашылуы қиын сықырлауық терезелер, едендегі жыртық төсемшелер туралы да жеткізе айтты.
Өткен оқу жылында 313 оқушы қабылдаған өнер мектебі биыл тек 17 оқушымен толыққан.
«Сұранысқа ие хореография, домбыра, вокал сыныптарына бала қабылданбады» деп ашынған С.Бисенғалиеваның сөзіне зейнеткер Ақкенше Камашбаева да қосылды.
Бұл мәселе бойынша партияның өңірлік басшысы арнайы өтініш жазуды ұсынды.
- Сіздердің хатыңыз негізінде облыстық білім басқармасы басшысымен кездесу ұйымдастырып, мәселенің мән жайын анықтаймыз, - деді Азамат Сафималиев.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz