Переметныйда өткен «Baiterek best – 2023» денсаулық фестивалінде жерлестеріміз «Салауатты өмір салты академиясы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, гимнастика шебері Маргарита Булдаковамен бірге йогаға қатысты.
-Йога ойыңызды жинақтап, сезім мен эмоцияңызды түсінуге көмектеседі. Нәтижеге жетуді қаласаңыз, жаттығуларды дұрыс орындауыңыз қажет. Йоганың көмегімен ағзаны қалыпқа келтіруге болады. Алайда ол үшін үздіксіз жаттығу керек. Сонымен қатар, дұрыс тамақтанып, ұйқы режимін бұзбай, алкоголь мен никотиннен бас тартқан абзал. Йога иммунитетті қалыпқа келтіруге де көмектеседі. Себебі, жаттығу кезінде органдар мен тіндер қимылдап, қан айналымы жақсарады. Бірден күрделі жаттығудан бастамаймыз. Алдымен жеңіл, оңайларын меңгеріп, уақыт өте келе техниканы күрделендіреміз,-дейді Маргарита Булдакова.
Осынау іс-шара арнайы келген Бейбітшілік ауылының тұрғыны Айгүл Мұқанованың айтуынша, фестиваль жиналғандарға сергіп сыйаған. «Спорт – денсаулық кепілі» деп бекер айтылмаған ғой,-дейді ол.- Жаз мезгілінде көп жаяу жүріп, жүгіріп, серуендеген, би билеген адам ағзасына өте пайдалы. Біздер, әсіресе, әйел адамдар бет күтіміне, сұлулығымыз бен сымбатымызға ерекше алаңдаймыз ғой. Йога соған пайдалы деп ойлаймын».
Спортпен серпілген тұрғындар латынамерикалық әлеуметтік би мектебінің ұйымдастырушысы Ибрахим Гурбойоглымен бірге әлем елдерінде үлкен танымалдық пен сүйіспеншілікке ие латынамерикалық бидің классикалық қиылдарын үйреніп, кеш шырайын келістірді.
Гүлнар Қадырова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz