25.05.2021, 16:04
Оқылды: 56

Сыңғырла, соңғы қоңырау

Балалық шақтың естелігі болып қалатын сәттердің бірі – мектеп қабырғасындағы ұмытылмас кезең. Білім ордасын кеше ғана имене аттаған бүлдіршіндердің кезекті легі алтын ұясынан қанат қағып, болашаққа тағы бір маңызды қадам жасауда. Осындай айтулы күні ауданға қарасты барлық білім мекемелерінде де ерекше өткізілуде. Биыл Бәйтерек ауданында 470 оқушы мектепті аяқтап отыр. Олардың 346-сы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Түлектердің 45-і «Алтын белгі», 18-і «Үздік аттестатпен» ересек өмірге қадам басқалы тұр.

078B21EA-1B96-441B-8518-95164A79337A

Аудан әкімі Марат Тоқжанов Щапов ауылдық округіндегі Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептегі «Сыңғырла, соңғы қоңырау» атты салтанатты шараға қатысты. Пандемия кесірінен ерекше жағдайда өткен биылғы соңғы қоңырау шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Түлектердің жүрекжарды лебіздері мен ұстаздарына деген шексіз ризашылығы келген қонақтардың мектепке деген сағынышын оятып, жақсы әсерге бөледі.

3F036A9D-6FC4-4CDC-BF89-65A9541F10EE

Аймекен Бақтығалиева басшылық ететін білім ордасы биылғы оқу жылында жақсы нәтиже көрсеткен. Түрлі пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар мен конкурстарда оқушылар жеңімпаз, жүлдегерлер атанған. Қиын жағдайда өткен оқу жылын қорытындылаған сөзінде мектеп директоры түлектер мен оқушылардың еңбегіне жоғары баға берді.

-Құрметті мектеп түлектері мен оқушылар, ата-аналар, баршаңызды 2020-2021 оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл оқу жылы елімізде ерекше жағдайда өтті. Мектеп оқушылары мен студент жастар оқу жылын қашықтан оқу жүйесі арқылы аяқтады.

0660B07D-2F8D-4DE3-B5EC-73BDF660F760

Елімізде Тәуелсіздік жылдарында білім беру саласын дамытуда аса ауқымды жұмыстар атқарылуда. ХХІ ғасыр талабына сай білімді болашақ тәрбиелеу мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің біріне айналды. Ауданымызда жаңа мектептер салу, күрделі жөндеу бағытындағы жұмыстар жыл сайын жалғасын табуда.

Әлемде қауіпті індет таралуына байланысты елімізде күрделі жағдай қалыптасты. Ұстаздар ұжымы кедергілерге қарамастан оқу үрдісінің үздіксіз жалғасуына қызмет етті. Қиындықты еңсеруде белсенділік танытқан ұстаздар ұжымына айрықша алғысымды білдіремін. Ал ересек өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ұстаздары мен туған ауылы, қазақ елі мақтанатындай азамат болуларына тілекшімін,- деді шараға арнайы келген аудан басшысы Марат Тоқжанов өз құттықтауында.

Сондай-ақ Марат Лұқпанұлы облыстық ғылыми конкурстарда жеңімпаз атанған мектеп оқушылары Милана Чернухина мен Алла Загребинаға бағалы сыйлық пен құттықтау хат табыс етті. Сонымен қатар олардың ұстаздары Елена Петровскова мен Галина Сарбасова да марапатталды.

-Балаларымыз мектепті аяқтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұр. осы он бір жыл ішінде ұл-қыздарымызға сапалы білім мен тәрбие берген ұстаздар қауымына алғысымыз шексіз. Қандай қиын кезең болса да болаттай берік болып, ел болашағы саналатын жас ұрпақты тәрбилеуге атсалысып келе жатқан ұстаздар қауымына барша ата-аналар атынан шексіз алғысымды білдіремін. Ал жас түлектердің жолы ашық, арман-мақсаттары айқын болсын,-деді салтанатты шарада ата-аналар қауымы атынан сөз сөйлеген Ақкенже Хункашева.

Жас түлектер салтанатты шараның соңында қоштасу вальсі мен білім ордасына деген қимастық әндерін арнап, көпшілікті керемет әсерге бөледі. Осылайша биыл тәуелсіздік талаптарына сай атауын Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп қылып өзгерткен білім ордасы алғашқы түлектерін үлкен сапарға аттандырды.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале