Бүгін Қаратөбе мектеп-гимназиясында биылғы мектеп бітіруші түлектерге арналған соңғы қоңырау салтанаты өтті. Соңғы қоңырау шарасына аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев және мектеп мұғалімдері, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Қаратөбе мектеп-гимназиясы ауданда білім беру сапасы бойынша үздік және бірегей оқу ордаларының бірі. Бұл оқу ошағынан қаншама түлек бітіріп, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр.
Биылғы оқу жылын Қаратөбе мектеп-гимназиясы 254 оқушымен табысты аяқтап отыр. Олардың ішінде 104 оқушы озаттар қатарынан көрінсе, 34 түлектің ішінен бесеуі алтын белгіге, 9-ы үздік аттестатқа үміткер болып отыр.
Мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау шарасына арнайы қатысқан аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы шәкірттерге ақжарма тілегін арнап:
– Құрметті мектеп бітіруші түлектер мен ұстаздар! Сіздерді соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн мектеп бітірушілер үшін де, ұстаздар мен ата-аналар үшін де қуанышты салтанатты сәттер. Ауданымыз бойынша 2021-2022 жылғы оқу жылында 2466 оқушы аяқтап, 58,8 пайыз білім сапасын көрсетуде. Тек білім ғана адамға өмір жолын дұрыс тандауға еркіндік пен ертеңге деген сенімділік, табысқа жетуге және ұшқыр қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді. Бүгін сіздер балалық шақты артқа тастап, үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы отырсыздар. Осы жауапты кезенде өздеріңіз 11 жыл бойы алған білімдеріңізді дұрыс қолданып, дұрыс таңдау жасауларыңыз аса маңызды. Сіздерге тәлім тәрбие беріп, білімді азамат болып өсу жолында, ұстаздар қауымының орны ерекше екендігі сөзсіз, - деді.
Биылғы мерекелік шара Қаратөбе мектеп-гимназиясында ерекше аталып өтті. Салтанатты шарада мектеп бітіруші жас түлектерге жігер сыйлау мақсатында осы мектептің 2007 жылғы түлегі, қазіргі таңда ауданның прокуратура саласында қызмет атқарып жүрген Ерік Берікұлы да сөз сөйлеп, 2007 жылғы түлектер атынан алтын ұя мектебіне бөлме өсімдіктерін тарту етті.
Осы орайда Ерік Берікұлы Нұр-Сұлтан қаласында математикалық сауаттылық пәнінен арнайы курс ашып отырған сыныптасы Қайырбек Үсенғалиевтің сәлемін жеткізіп, оның атынан келер жылы мектеп бітіруші түлектерге құны 40 мың теңге тұратын курсты тегін түрде математикалық сауатын ашу мақсатында 34 оқушыға табыс етті.
Ерекше аталып өтілетін биылғы соңғы қоңырау мерекесінде мектеп бітіруші түлектер 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұлғатты ұстаздарына шәкірттік тілектерін арнады.
Шара соныңда мерекелік жиынға қатысушы барлық түлектерді мектеп ұжымы соңғы қоңырау үнімен шығарып салды.
Әмірбек Жәнібеков,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz