19.08.2025, 17:15
Оқылды: 217

Сырбаз мінезді Сейітжан

Ауданымыздың байырғы тұрғындары белгілі ұстаз, тіл жанашыры, шежіре-әңгімеші, жақсы азамат ағамыз Сейітжан Қайырсапиевті жақсы біледі.

WhatsApp Image 2025-08-19 at 17.07.06

Туған жері Жымпиты болғанмен әбден Шыңғырлауға сіңісіп кеткен, біздің елді бес саусағындай білетін, тарихын, адамдарын сарамандай алатын жан еді.

Қаршығадай ғана шағын келген денесін тез қозғап жүретін, ашық та таза күлкісі өзіне жарасатын, сөйлеген сөзін сары майдан қыл суырғандай бағамдап, мейлінше көркем, шынайы жеткізетін. Сөздерді әртісше құбылтып, таңдап-толғап қолданушы еді. Көзін көріп  сөзін естіп, әңгімелерін тыңдағанымды мақтан етемін.

Ол кісімен сонау 70-жылдардың аяқ шегінде Шыңғырлауда таныстық. Правда мектебінде директор болған ұстазым Жәнібек Майманов таныстырды. Ағайдың оқушысы екен. Сол күні Сейітжан ағайдың туған күні болатын. Жәнібек ағай дүкеннен шағын сыйлық алды. Шилінің төменгі бетінде екі пәтерлі үйдің бір жағында тұрады екен. Қызыл кірпішті шағын үй. Айналасы, есік алды тап-таза.

Алайда, есік кілттеулі екен. Жәнібек ағай папкісінен қағаз алып, "Ағай, туған күніңмен! Үйде жоқ екенсің. Сыйлығыңды тастап кеттім. Өзің білетін жерде. Жәнібек",- деп жазып қалдырды. Бұрылып, шыға жөнелдік.

Ағай кездестіре алмағанына аздап қапаланғандай көрінді. Үндеген жоқпын.

Кішкене жүргеннен кейін қарсы көшенің бұрылысынан екпіндеп шыға келген ағайдың көріне кетпесі бар ма?! Қуанып кеттік. «Оо, Майманов, Азамат! Қайдан жүрсің? Көптен көрінбеп едің. Жарадың»,-деп жайраңдай күліп амандасып жатыр.

«Туған күніңізде неге үйде отырмайсыз?»,-деп күліп жатыр Жәнібек ағай.

Маған бір қарап, қоя қойды.  Үндеген жоқ. Үйіне келдік. Сол кезден бастап танысып кеттік, әкемді біледі екен. Асыл әкемнің бейнесі алдымнан шықты. «Әкеңді білемін. Жақсы адам еді. Талай дастархандас болдық»,- деген сөзі жүрегімді жылытып жіберді.

Біраз отырдық. Тілектер айтылды. Ақ жарқын кісі екен. Көңілдене отырып кішірек сары домбырасын қолына алды. «Гүл-гүл жайна»,- әнін аңыратып қоя берді. Шын беріліп айтады екен, солақай тартады. Домбыра мен өз дауысын сәйкестендіре құбылтып, әртісше шырқай кетті. Кейде баяулайды, кейде шырқау биікке көтеріп алып кетеді.

Таң қалдым. «Мына ағай мықты екен»,-деп бағалап та қойдым. Осылай басталған сыйластықтың жібек жібі ағайдың өмірінің соңғы күніне дейін жалғасатынын ол кезде білмеген едім. Сыйласа араласып, ағалы-інілі жандай болып кеткеніме ризамын, қуаныштымын.

Кейін түрлі жиналыстарда, мұғалімдер кездесулерінде бас қосып жүрдік. Үнемі жылы шырай танытып, қасына шақыратын. Әңгімеміз жарасып кететін. Таныстары да өнерге жақын, елжанды азаматтар болушы еді. Бақытжан Сапаров, Клим Бексейітов, Ғайса  Бекимов, Қойшыбай Бижанов, Жәнібек Майманов секілді сыйлы ағаларымызбен тығыз араласатын еді. Өздері де, сөздері де керемет жарасатын.

сырбаз

Ағамыздың Шыңғырлау жеріне келіп, еңбек етіп, тұрақтанып кетуіне игі әсер тигізгендердің бірі жездесі-Асмақ Қаймулдинов атты ауданымызға белгілі ақсақал болғандығын өз аузынан талай естігенбіз. «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген сөз бар. Ағайдың жиендері Тұрғали, Аталық, Ақылбайлардың сөзге ұста, көпшіл, халықпен тығыз болуларының бір себебін нағашы жұрттың тектілігінен іздегеніміз де дұрыс болар. Әсіресе, кіші жиені Ақылбайдың білім саласында еңбек еткенін, мектеп директоры болғанын мақтанышпен айтып отыратын. Шыңғырлау өңірінде тұратын мыңдаған шәкірттері Сейітжан Мәуленұлын үнемі сағынышпен еске алып, әдемі естеліктерін айтып отырады .

Жақсы көріп риза болғанда, «Азамат» деп арқадан қағып, қуанатын. Бұл сөзді ерекше көтеріңкі реңкпен саңқ еткізіп айтатын да, басын шегіне шалқайтып рахаттана қарайтын. Кейде саңқылдап күліп алатын . Сөзді қадірлейтін, мағынасына қатты мән беретін. Сәнді қолдана да білетін.

Тіпті әндердің сөздерін де мұқият тыңдап, дұрыс айтылуына назар аударатын. Ауданымызда тұратын 60,70,80 жылдары оқыған Шилі мектебінің, мектеп-интернатының түлектері ағайдың өткізген сабақтарын, берген тәлімін жыр етіп отырғандарын талай естідік.

Ағайдың бауырмалдығын көп көрдік. Інісі Асқардың ұл-қыздарын әке-шешелерінен артық жақсы көретін. Үнемі ақылын айтып, батасын беріп отыратын. Іні-келіні мен балалары да ағайға деген сыйластықтары керемет болатын. Қызыға қараушы едік. Халық арасында аса беделді болды. «Сейітжан айтыпты» деген қанатты сөзге айналған тіркестер ел арасында жиі кездеседі. Айтқан сөзге тұратын, келіскен уақытқа келетін, уәдеге беріктік, адамгершілік тұлғасы ағайдың онсыз да биік тұлғасын одан әрі де асқақтатып жіберуші еді.

Үнемі асыға жүріп, жолға шығатын асыл азаматтың ғұмыры да туған жер төсінде жол бойында үзілді. Өмірден өтсе де, жерлестерінің есінде жарқын жүзі жарқырап сақталып қалды.

Сейітжан Мауленұлы 1928 жылы Жымпиты ауданында өмірге келген. Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітіргеннен кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып өмір бойы Шыңғырлау ауданында еңбек етті. Аудандық оқу бөлімінде инспектор, әдіскер, методикалық кабинет меңгерушісі болды. Талантты ұстаз, талапты тәрбиеші бола жүріп, аудандық “Қазақ тілі” қоғамына басшылық жасады. Қоғамдық, мәдени өмірде өзінің қайталанбас ізі қалды.

Бәрімізге үлгі бола білді. Қашан көрсек де қара костюм- шалбар, ақ көйлек галстугімен тап-тұйнақтай болып келе жататын. Тазалыққа, жақсылыққа жақын болды. Көпшіл адам еді, аса қонақжай болатын. Әзілді керемет айтатын. Күле де, күлдіре біліп, айналасын жылы шуаққа бөлейтін.

Сәкең десе, ақ домбыраны қолға алып "Көкшетау" әніне салып, жыр-термелете келіп, «Гүл-гүл жайнамен» жалғастыратын өнер иесі көз алдымызға елестейді.

 

                                                                                                                 Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале