Еңбек ардагері Ұмсындық Хайрошқызының 70 жасқа толуына орай бүгін Жұбан орталығында өткен әдемі жүздесудің осылай аталуы тегіннен тегін емес. Ұ.Хайрошқызы – еңбегін туған жеріне арнап, өнер мен мәдениет саласында сан жетістікке жеткен мақтаулы жан.

Кеш иесінің руханиятқа сіңірген қызметінің зор екенін осы шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова өз сөзіне арқау етіп, барша жерлестерінің ықылас-ілтипатын жеткізді. Ол мерейгерге аудан әкімінің құттықтау хатын табыстап, иығына камзол жапты.


Кездесуде Орал қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Мынатаубиік Әнесов, Орал қаласындағы Ақжайық ауданы жерлестерінің бастауыш ұйымының төрағасы Жанат Сағынтаев, ақындар Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубайқызы, мерейгердің замандас, достары, бірге жұмыстас болған әріптестері Ұмсындық Хайрошқызына жылы лебіздерін ақтарып, риясыз тілектерін арнады.

Шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған саз мектебінің ұжымы атынан оның директоры Руслан Есеналиев құттықтады. Кеш соңында сөз алған мерейтой иегері өзіне көрсетілген құрметке шексіз ризашылығын білдірді.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы