Қазақ даласындағы көне Сарайшық (ежелгі орыс жылнамаларында – Сарайджук) туралы қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан өзінің осы шаһар орнына жүргізген 1950 жылғы экспедициясы кезінде «...қала ХІІІ ғасырда салынған» деп көрсеткен екен. Бұл пікір Қазақ Археология институты ғалымдарының кейінгі жылдарғы зерттеулерінде толық дәлелденді. Нақты айтқанда, Сарайшық Үлкен Сарайдан (Сарай Бату) кейінгі ең әсем қала, Ұлысу (Жайық) өзені жағасындағы гүлденген бірден-бір ірі елдімекен болған. Ұлы Жібек жолының бірнеше тармағы үш ғасыр бойы үстімен өткендіктен қолөнері мен сауда-саттығы дамыған діни-әкімшілік орталық болған деген кесімді тарихи тұжырым жасалды.
1999 жылы Елбасының қолдауымен осы орында, яғни қазіргі Сарайшық ауылында құрамына хандар кесенесі, мешіт, мұражай және қазба жұмыстары жүріп жатқан аумақ кіретін «Хан ордалы Сарайшық» мұражай қорығы ашылды. Жайық бойын жайлаған ортағасырлық және одан бергі хандықтар мен ру-тайпалардың тарихы тұнып тұрған ерекше шежірелі орынға ауданымыздан ұл-қыздардың, жастардың сапары дүркін-дүркін ұйымдастырылып жүр. Міне, тағы бір осындай игі іс орындалды.
Ақжайық аудандық экология және туризм орталығы Чапаевтағы Абай атындағы мектеп-гимназияның 20 оқушысы мен тарих пәні мамандарының тарихи-танымдық жорығын ұйымдастырды. Экспедиция жетекшісі Зейнолла Нұрмұхамбетов алдымен аудан орталығындағы Жұбан ескерткішінің алдына жастар, оқушылар, басқа да тұрғындарды жинап, шараның маңызы мен мақсатын, бірнеше күнгі сапар бағдарламасымен таныстырды. Байқағанымыз, бұл орталық ұжымы оқушылармен алысқа болсын, жақынға болсын кезекті сапарға шығар алдында орталық алаңда бас қосып ақылдасуды, сөйтіп ақынның ақ батасын алғандай, сергек көңіл-күймен аттануды дағдыға айналдырған.
Таң сәріде ауылдан шығып, Атырау облысының Индерборы маңында түстеніп, тынығып алған топ сосын 350 шақырымдық жолды еш қиындықсыз еңсерді. Жол бойы, әр 30 – 50 километр сайын Каспий маңы ойпатының климаты, жер бедері, өсімдік және жануарлар дүниесі жайында оқушыларға мол мағлұмат берілді.
Діттеген жеріміз – шап-шағын Сарайшық ауылына жеткенде мұндағы таза көшелер, әр тұрғын үй, кеңселер мен қора-жайлардың жинақы көрінісі бірден назарымызға ілікті.
Мұражай қорығындағы биіктігі 14 метрлік, 8 қабырғадан тұратын «Хандар кесенесі» мемориалдық ескерткішімен, осында жерленген жеті ханның құлпытастарымен таныстырған Молдаш Бердімұратов ақсақал өңірдің бір замандарда дәуірлеген санғасырлық қилы шежіресін әңгімелеп берді. Қара мәрмәр тасқа Мөңке Темір, Тоқта, Жәнібек (Алтын Орда хандары), Әмір Оқас, Ших-Мамай, Жүсіп (Ноғай ордасының билері), Қасым хан (Қазақ хандығынан) есімдері қашап жазылған. Осы аталған хандар мен билер және Қасым хан билік еткен тұста Сарайшық Қазақ хандығының астанасы болғаны туралы тарихи деректерге, сондай-ақ Жәнібек хан дәуірінен (1341 – 1357 ж.ж. билік еткен) жеткен Алтын қайық, Аққу көлі жайында аңыздарға балалар ерекше қызығушылық танытты.
Сарайшық мешітіне келіп құлшылық етушілер мен туристер легі аптаның қай күнінде де толастамайтын көрінеді. Осы өңірде ғұмыр кешкен, жерленген хандар мен ислам әлемі ғұламаларына, батыр баба аруақтарына бағыштап мұнда дұға оқытылады.
Ал мұражайдағы Сарайшық қолөнершілерінің қолынан шыққан әшекей бұйымдар мен тиындар, қыш құбырлар мен кірпіштер шаһардың өркениетін сөзсіз дәлелдейді. Солардың ғажайып бояулары еш өзгермеген, сол бастапқы қалпында. Ортағасырлық астанамыздың керамикалық ыдыстарына бейнеленген аң, құс, балық, өсімдік суреттері де көздің жауын алатын өзгеше бір әлем, ежелгі мәдениетіміздің керемет туындылары десек болады.
Мұражайдан 1,5 км. күншығыс бағыттағы ежелгі қала орнында қазба жұмыстары жүріп жатыр. 1996 жылы ежелгі шаһардың аумағы 200х600 м. болса, бұл күнде 200х300 м. қалған. Қалғанын өзен суы шайып кеткен. Жағалауды бекітудің кең көлемді шаралары қарқынды жүзеге асуда. Оқушыларымыз дәстүрлі діндер мен өркениеттер тоғысқан, тоғыз жолдың торабындағы Сарайшық орнын көзбен көріп, осы және өзге қызықты деректерге қанықты.
Нарын құмының ақиық ақыны Н.Әжіғалиев:
Көтеріп тағдырының талай жүгін,
Бұл жерде хандар өткен талай мығым.
Осында тіккен дейді Ер Едіге,
Шұбалтып шұбар туын Ноғайлының.
Бұл жерде даңқы тарап шетке небір,
Дулатып дүниені өткен өмір.
Дамылдап жатыр мұнда дала ұлдары –
Тоқтамыс, Әз Жәнібек, Мөңке Темір.
Көк найза, қайық садақ асынғандар,
Есесін жібермеген басынғанға.
Мәңгілік мекен тауып жатыр мұнда,
Қасқа жол салып кеткен Қасым хан да.
Алысқан дұшпанынан асқан әлі,
Кеше де Ел болғанбыз астаналы!
Қазақта елдік, бірлік өнегесі
Осынау Сарайшықтан басталады,- деп жырға қосқан тұңғыш астанамыз Сарайшық бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де келетін туристердің назарына ұсынылып отырған тарихи орынға айналған.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ғылыми мақаласынан арынды арна тартқан «Туған жер» бағдарламасы бойынша өлкетану ісі аясында облыста алғаш осы экспедицияның ауданымызда ұйымдастырылуы әбден құптарлық іс-шара болды. Сапаршылардың алған әсері зор. Олар өзіміздің аудан аумағындағы қасиетті, тарихи орындарды, мәдени мұраларды іздестіріп, зерттеуге белсенді қатысуға деген толғаммен оралды.
Бақтығали ҚОСПАЕВ
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz