11.06.2020, 11:58
Оқылды: 72

Сырым аудандық ауруханасы дәрігерлері де індетпен күреске үлесін қосуда

Маусым айының үшінші жексенбісі – халықтың саулығын ойлап, ауру мен ажалдан адам жанын арашалап жүрген медицина қызметкерлерінің күні. Біз аталмыш мерекеге орай Сырым аудандық орталық ауруханасының директоры Роза Тахамбетоваға арнайы жолығып, бүгінде Сырым аудандық ауруханасында 29 дәрігер, 186 орта буын медицина қызметкері еңбек ететінін естіп білдік.

Medic

Иә, халықтың саулығын ойлап, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүретін медицина қызметкерлері үшін биылғы жыл жеңіл болып тұрған жоқ. Олар төрткүл дүниеге тегіс таралған індеттің ілмегінен халықты арашалауда жан аямай күресуде. Әрі әлемді әбігерге салып, дендеген дерт дүмпуі біздің ауданға да жетті. Роза Құттықожақызының айтуынша, бүгінде екі отбасынан сегіз адам үй карантинінде болса, екі  науқас емделіп шыққан.  Сондай-ақ күнде таңертең сағат 8-ден аурухана басшысынан бастап, барлық қызметкерлердің тепловизормен дене қызуы өлшеніп кіргізіледі екен.

Ал жұқпалы ауруларға арналған ғимарат  –  вирус жұқтыруы мүмкін адамдармен жұмыстануға арналған аймақ. Қызуы көтерілген адам жедел жәрдем шақыртса, оған медицина қызметкерлері арнайы киім киіп баратын көрінеді. Одан кейін  дәрігер Назгүл Несіпқалиева қарап, тамағы қызарып, жөтеліп тұрса, арнайы анализ алынып, Оралға жіберілетін көрінеді. Талдау қорытындысы үш күнде шықса, COVID-19 жұқпасына күдікпен жатқызылған науқастардың көбінің талдаулары оң нәтижемен келеді екен.

–  Уақытша оқшаулау мен карантиндік стационар бөлімін ауданнан ашқан жоқпыз. Себебі бізден шыққан науқастар үй жағдайындағы карантинде, Орал қаласына да жіберіп жатырмыз. Негізінен вирус жұқтырғандармен тығыз қарым-қатынаста болған адамдардың ғана сынамасы COVID-19-ға оң нәтиже беруде. Аудан халқы сақтық шараларын дұрыс сақтай білсе, аталмыш індет жойылады деп сенемін.

Тағы бір айта кетер нәрсе, аудандық аурухананың жұқпалы аурулар дәрігері Айгүл Әнесова бір ай бойы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында індет жұқтырған науқастарды емдеп, он төрт күн карантинде болып  келсе, хирург-дәрігер Тимур Еспентаев та  карантиндік стационарда жұмыс жасап келді. Ал екі медбикеміз Жанар Гаитова мен Динара Ихсанова бір маусымдық жұмысты жақсы аяқтап, екінші маусымға облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында қалып еңбек етуде. Карантиндік стационарда  жүрген медбикеміз Индира Жолдығұлова да екінші маусымға қалды, – дейді ауданның бас денсаулық сақшысы.

Сондай-ақ 1978 жылы салынып, 2008 жылы ғана күрделі жөндеуден өткен аудандық ауруханаға биыл күрделі жөндеу жүргізу  жоспарланыпты.  Жертөле, кәріз жүйесі тозған, жеделсаты жоқ. Жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратында жуынатын бөлме жабдықтары істен шыққан. Ал енді Бұлан дәрігерлік амбулаториясы мен Көгеріс медпунктін де осы жылы жаңарту жоспарланыпты.

Ауданда Алғабас және Аралтөбе ауылдық округі тұрғындарын     көрші ауылдың дәрігерлері барып тексеріп тұрады екен. Сонымен қатар аудандық ауруханадан барлық округтерге куратор ретінде дәрігерлер тағайындалған. Аурухана пульсоксиметр, ЭКГ, рентген секілді қажетті жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған. Травматология бөлімі ашылып, онда арнайы оқып келген Тимур Еспентаев науқастарды емдеуде. Аудан күрежолдың бойында орналасқандықтан, жол апаты бар, басқа да түрлі жарақатпен түсетін науқастар көптігін аңғардық.

Роза Құттықожақызының мәлімдеуінше, ауданда жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр, терапевт  мамандары жетіспейді екен. Әңгіме ауанынан аңғарғанымыз хирург, терапевт, педиатр биыл күтіліп отырса, екі  жалпы тәжірибелік дәрігер келесі жылы келмек. Қазіргі күні қант диабеті, зоб сияқты эндокринологиялық аурулар көбейіп кеткендіктен, облыстан эндокринолог маман да сұралыпты.  Бірақ ондай маман аудандарға жіберілмейтіні айтылған.

Абырой-беделдеріңіз асқақтай берсін дейміз біз де ақ халатты абзал жандарға.

Шынар Молданиязова

                                                                                                       Сырым ауданы

zhaikpress.kz 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале