22.05.2025, 12:15
Оқылды: 241

Сырым аудандық бюджетінің атқарылуы талқыланды

Сырым ауданының бюджеттік кірістерінің көлемі артып, орындалуы 100 пайыздан асып кетті. Бұл туралы Сырым аудандық мәслихатының кезекті ХХХІ сессиясында 2024 жылға арналған аудандық бюджеттің орындалуы және аумақтарды дамыту туралы баяндамасында Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов айтты. Сессия жұмысына Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ғанимат Нұрмұханов қатысты. Отырысты мәслихат төрағасы Шынар Дүйсенғалиева жүргізді. 

IMG_2464

2025 жылдың 1 қаңтарына болжанға кіріс көлемі 7 млрд 678 млн 474 мың теңге болатын. Нақты түрде орындалғаны 8 млрд 372 млн 450 мың теңгені құрады. Бұл орындалу көрсеткішін 109% - ға жылжытты.

Бюджеттің салмағы салықпен өлшенеді. Сырым ауданында салықтық түсімдерден де ілгерілеу бар. Сандарды сөйлетсек, ауданға 2024 жылы 2 млрд теңгеге жуық қаражат, дәлірек есебін айтсақ 1 млрд 959 млн 189,8 мың теңге кіріс таза салықтан түскен. Орындалу көрсеткіші - 148%. Батырниязов мырза Сырым ауданын дамыту үшін  2022 - 2025 жылдар үшін белгіленген индикаторлардың нақты жүзеге асып жатқанын айтты.

Өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция, агроөнеркәсіп кешеніндегі жобалар, ауылда жаңа кәсіпкерлік субьектілерін құру, автожолдардың үлесі, жұмыссыздықпен күрес, спорттық, мәдени инфрақұрылымдарды дамыту бойынша өркенді істер бар. Ал, Сырым ауданында тұрғын үй аудандарын пайдалануға беру нысанасы 2024 жылы бұрын - соңды болмаған биік межені бағындырды. 21,1 мың шаршы метр тұрғын үй ауданы салынып, пайдалануға берілді.

Сессияда жекелеген салалардың есептері тыңдалды. Білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбыловтың баяндамасына қатысты депутаттар пікір білдірді. Сырым аудандық мәслихатының депутаты Серік Зиятов мобильді мектеп тәжірибесінің тиімсіз екенін айтты.

Ауданда 1 - 10 сынып аралығында 2989 бала бар. Оларды оқу үдерісінен кейін тынықтыру - маңызды. Мектепішілік 20 лагерьден бөлек, биыл Абай орта мектебі базасында аудандық лагерь, Аралтөбеде шатырлы лагерь жұмыс жасайды. Бұландағы “Достық” лагерінің ғимараты азып - тозып тұр. Ол жөнделмей балалар жазғы демалыс уақытында осылай мектеп жағалап, бейімделген ғимараттарда лагерь қызықтарын өткізбек. Сырым аудандық санитарлық - эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләззат Мұқанова бала бар жерде санитарлық қауіпсіздікті ұмытпау керектігін айтты. Талаптар қатаң сақталуы тиіс.

Осы секілді сессияда Сырым ауданында 2024 жылы орын алған су тасқынының салдарын жою, зардаптарын өтеу, қалпына келтіру бойынша жұмыстар тыңдалды. Баяндамашы - аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов.

2024 - тің “асау “ наурызынан кейін тағы бір жер тоздырып, қар бассақ та, 152 үй жаңадан салынса да, әлі шығыны қайтпай шырыллап жүрген тұрғындар бар. Олардың бар айыптары - үйлері араға айлар салып сыр бергені, қабырғалар жарылып, еденнің сызы бетіне шығып, көгергенше өтініш қабылдау мерзімінің бітіп қалғаны.

Қазір Сырым ауданында апатты үйлердің саны 144 - ке жетті. Жымпитыда олар үшін көпқабатты баспананың құрылысы басталды. Депутаттар болса, қабатты баспана ыңғайсыз әрі тар, халыққа шаруашылығына қолайлы дербес жер үй керек дейді.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале