Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің №14 өрт сөндіру бөлімінің бастығы тағайындалды.
ҚР “Құқық қорғау қызметі туралы” 2011 жылғы 6 қаңтардағы №380 - IV Заңының 30 бабына сәйкес Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің №55 ж/қ бұйрығымен бұл лауазымды Самат Аблаев атқаратын болады. Жаңа басшыны ұжымға БҚО ТЖД ӨС және АҚЖҰБ бастығының орынбасары Р. Құбашев таныстырды.
Азаматтық қорғау капитаны Самат Аблаев 1992 жылы 6 тамызда дүниеге келген. Білімі жоғары. ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігі жанындағы М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясын тамамдаған. Осыған дейін Ақтөбе қаласында №4 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды.
Департамент өкілі Р. Құбашев өрт сөндіру бөлімінің жаңа басшысының қызметіне сәттілік тілеп, аудандағы төтеншеліктердің еңбегін ерекше атап өтті.
- Төтенше жағдай, табиғи апат болмай тұрмайды. Қоғам абдырап жатқан уақытта “төтеншеліктер” шұғыл қимылдап шығындардың алдын алып жатады. Сырымдағы әріптестеріміз күнделікті өрт, жолда қалу оқиғалары өз алдына, су тасқынының алдын алу, көктемгі су кезінде ел ішінен табылып, ерен еңбек етуде. Сол істеріңізге табыс тілеймін! - деді ол.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы