«Сырым елі» газетінің өткен сандарының бірінде журналист Б.Ширмединұлы «Бізге имам керек пе?» атты мақала жазды. Ол мақалада Орта Азиядағы белді әрі беделді діни оқу ордасы – «Нұр - Мүбәрак» Египет-Ислам университетінде білім алып жатқан, Орал медресесін аяқтаған ауданның жастары таныстырылып, оларды елге алып қалу мәселесі айтылған болатын. Өйткені Сырым ауданында дін мамандары тапшы.
Мақаланы оқыған аудан әкімі Т.Төреғалиев мәселенің орынды екеніне келісіп, бірден амалға кірісіпті. Осы аптаның басында аудан әкімі мақаланың бас кейіпкерлерімен – яғни, Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» Египет-Ислам университінде білім алып жатқан студенттермен арнайы кездесіпті. Кездесуге Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Тайшиев, Сырым аудандық мешітінің бас имамы Ә.Наурызбай қатысты. Әрі қарай сол шарада болған штаттан тыс тілшісі Жұлдыз Әлпенова баяндайды:
– 2001 жылы 1 қыркүйекте есігін ашқан республикадағы бірден-бір жоғары білімді дін мамандарын даярлайтын оқу орыны «Нұр-Мүбәрак» Египет-Ислам университетінде қазіргі таңда 3 сырымдық білім алып жатыр. Ал Орал қалалық медресесін 1 жас аяқтады. Төлеген Төреғалиев олардың барлығымен жеке-жеке танысты. Кездесу барысында елге, дінге қызмет етудің маңыздылығы сөз болды. Сонымен қатар студенттерді алаңдатқан сауалдар төңірегінде сұхбат өрбіді. Исламтану, дінтану, теология саласы бойынша білім алып жатқан сырымдық шәкірттер аудан әкімімен еркін әңгімелесіп, білім саласы бойынша ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, бір студент келісімшарт негізінде шетелде білімін жалғастыратынын айтып өтсе, тағы бір студент аудан мешітіне жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа орналасқанын айтып қуантты. Бүгінде жазғы демалыста жүрген "нұр-мүбәрактықтар" аудандық мешітте бас имамның қызметіне жәрдемдесуде.
Өз кезегінде аудан әкімі Т.Төреғалиев болашақ исламтанушыларды туған өлкеде діни қызмет етуге шақырып, жергілікті билік тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастыруды мойынына алды, – дейді әріптесіміз.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz