8.09.2024, 11:30
Оқылды: 141

Сырым ауданы: аққудың балапаны баққан Әскербек

Кезекті сапардан келе жатырған Әскербек Тәжіғалиевтың жанары жол үстінде құлдырыңдай жүгірген балапандарға ауды. 

InShot_20240907_174636841

Бағыттары Жосалы ауылдық округіне қарасты Былқылдақ елді мекеніне қарай ауған.

Талай мәрте оқиғаларға куә болған А.Жұмағалиев атындағы орта мектебінің директоры Әскербек Серікқалиұлын жападан жалғыз жүрген балапандар тағдыры еріксіз ойландырды.

Балапандардың аталық пен аналығы қайда екен? Әлде балапандары адасып қалды ма?

Әйтеуір, дала төсінде қалған балапандардың беймәлім тағдыры Әскербекті мазалағаны рас.

Жүрегін аяушылық сезімі дір еткізген Әскербек көліктен түсті де, далада қанатын қаға жүгірген үш балапанды ұстап алып, үйіне алып келді.

Мезгіл маусым айының іші болатын. Әп дегенде, Әскербек балапандар қай құстың тұқымынан екендігін білмеді. Аулаға енгізіп, қолға бағымға ұстаған соң, олардың реңдері өзгеріп, түстері көгілдірге айнала бастады.

Үш балапанның бірі белгісіз жағдайда өліп қалды да, екеуі сергек қалпында адамға әбден бауыр басып өсе бастады.

   — Аққудың балапаны екенін енді білдім. Баққаныма да үш айдай уақыт болды. Олар үй құстарына қосылмайды, бөлек далада шөпке жайылады.Үнемі суда жүзгенді ұнатады.

Шағындау астау жасап ішіндегі суды үнемі тазартып отырамын. Аққудың қос балапаны сол астаудағы суда күндіз де, түнде де үстерін таранып, қалқи жүзеді. Азық түрін талғамайды, тартқан жем, бидай, тары беремін.

Өзіме әбден бауыр басқан, мені көргенде сұңқылдай үн шығарып, азық дәмете жүгіреді. Мені мазалайтын жағдай бұл балапандар жылы жаққа ұшып кете алмайтындығы. Оған қабілеттері жоғын байқадым. Сондықтан қысқа төзе алмайтын болғандықтан, Орал қаласындағы Киров саябағында орналасқан жануарлар қорығы басшылығымен сөйлесіп, балапандар тағдыры жөнінде айттым.

Олар осы айдың соңына әкеліп тапсыруымды, балапандарды қамқорлыққа алатындарын айтты, - дейді Әскербек Серікқалиұлы.

Жосалының Былқылдағында «дүниеге келген» аққудың қос балапандары енді Орал қаласына жол тартады.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале