3.09.2025, 15:45
Оқылды: 268

Сырым ауданы: Алғабас ауылдық округінде өрт оқиғасы орын алды

Таңғы сағат 04:49 - да Сырым аудандық №14 өрт сөндіру бөлімінің кезекшісіне Алғабас ауылындағы Абылайхан көшесі №5/1 үйдің қоражайында өрт басталғаны туралы хабарлама түседі.

photo-output
Жарақтанған жалын жауынгерлері мен төтеншеліктер дереу аудан орталығынан 60 шақырым шалғай жатқан ауылға аттанды, сағат 06:09 - да оқиға орынында болды.
Алаудың ауқымы алапат екен.
240 шаршы метр аумақты от шарпыған. Ішіңді күйдіретіні ол емес, 375 тонна қысқы мал азығы жанып кеткен. 375 тонна мал азығы дегенің - 1500 бума шөп. Ол аздай, 10 тонна ірі азық мен 4 тонна жанғыш сұйықтық (дизель отыны) бірге өртенген.
Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ғабит Жасталаптың айтуынша, қызыл жалын көршінің де қоражайына “ауыз салып” Абылай хан 5/2 мекеніндегі үйдің шаруашылық ауласының 240 шаршы метр аумағын, соның ішінде 100 бума шөбін жалмады.
Ала жаздай маңдай терін сыпырып, күннің астында жүріп жинаған пішені санаулы сағатты күлге айналып, шаруалардың қабағын кірбің басты. Күз болса есіктен кіріп келеді.

Желді күні жалын көлемі екі үйден асып тұтас көшеге, тіпті әрі қарай далаға жайылуы бек мүмкін еді. Өрт сөндірушілер мен төтеншеліктер тілсіз жауды ошағынан шығармай тоқтатты.
Жігіттерге Тоғанас ауылындағы мемлекеттік емес өрт сөндіруші мекеме де көмекке келген.

Ал оқиғаның себептері болса, анықталуда. Бұл жағдай бізге қауіпсіздік мәселесін қатерден шығармауды түйсіндіргендей.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале