Сырым ауданы, Алғабас ауылдық округіндегі М.Қаналиев атындағы мектеп-балабақша кешенінде жол жүру ережелерін түсіндіруге арналған ерекше шара өтті.
Мектеп тәлімгері Нұрболат Жұмағазиев ұйымдастырған «Абайлаңыз, балалар!» 3D форматтағы шарасында білім үйінің дәлізі бірер сәтте кең жолақты қала көшесіне, ал оқушылар қымбат көліктердің жүргізушісіне айналып шыға келді.
Сырым аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі, учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ербол Тастеміров балаларға автомобильге отырғанда қауіпсіздік белдігін тағу, жаяу жүргіншілер жолағымен өткенде тәртіп сақтау, қала мен ауыл ішінде велосипед, самокат секілді дөңгелекті «достармен» қауіпсіз қозғалу ережелерін түсіндірді. Оқушыларға бағдаршамға бағыну ережелері, негізгі жол белгілері таныстырылды.
Жыл басталғалы Қазақстан жолдарында жол-көлік оқиғалары салдарынан 15 бала ажал құшқан. 12 жағдайда қайғылы оқиғаға көлік жүргізушілері себеп болған. Бұл балаларға да жол ережесін қатаң сақтауды міндеттегендей. Алғабас мектебіндегі мәнді шараның мақсаты – осы.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы