7.04.2025, 12:00
Оқылды: 341

Сырым ауданы: Аңызға айналған абыз

Ұлы даланың ұлағатты ұстазы, мемлекеттік қызметтің ардагері, абыз ақсақал Марат Сақыпұлы Қадыровтың 85 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың ішіндегі ең айшықтысы – аудандық мәдениет үйінде өткен «Еңбек ерлікке бастайды» атты кездесу кеші болды.

Аңызғ айналған абыз 2

Кеш басталмас бұрын мәдениет үйінің фойесінде «Ел бақыты – ер қолында» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ал залда LED экран арқылы мерейтой иесі туралы бейнекөрсетілім жүрді.

Кештің жүргізушісі, ақын Бауыржан Ширмединұлы сөз тізгінін алып, Марат Сақыпұлын сахна төріне арнау өлеңмен шақырды. Өз кезегінде Марат Қадыров қарапайымдылықпен:

– Мен жай ғана мұғаліммін. 16 жыл мектеп басқарып, елдің ертеңі үшін еңбек еттім. Бірақ мені мұғалім де, оқушы да емес – мектептің жанындағы көмірмен жағылатын қазандығы қинады. Алты айда 1200 тонна көмір жағатын едік. Оны Оралдан тасимыз. Қалалық от жағу базасында кезекте 50-60-таған машина тұрады. Келесі күні көмір тиеп қайтамыз. Қайнаған тірлік, – деп өткен күндерге шолу жасады.

Аңызға айналған абыз 4

Қазіргі мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаты Беларуссияның мәдениет үйінің жобасы бойынша жасалған. Ол жобаны Беларуссияға барып жасатып алып келген – Марат Сақыпұлы.

Кеш барысында жүргізуші Марат Сақыпұлына:

– Жүрегіңіздің терезесінен қарағанда, Жымпиты көріне ме, Тайпақ па? – дегенде, мерейтой иесі Маяковскийдің әйгілі «Я родился в Грузии, вырос в России» сөзін еске алып:

– Мен Есенсайда туып, Жымпитыда өстім, – деп жауап берді.

Аңызға айналған абыз 1

Кештің көрігін қыздырған құттықтаулар да аз болмады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Орал қаласының және Сырым ауданының Құрметті азаматы Мақсот Берген сахна төріне шығып:

– «Марат Сақыпұлы менің ұстазым болмаса да, оның жары, фармацевт маман Света Тоқтарова менің ұстазым болды. Марат аға төрге шықса – төбедей, төбеге шықса – төредей азамат, – дей келе, жүрекжарды тілегін арнап, Марат Сақыпұлына «Батыс Қазақстан облысының Құрметті ардагері» медалін табыстады. Құндыз жағалы шапан мен бөрік кигізіп, «Ақжайық» шипажайына жолдама ұсынды. Сонымен қатар, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің дүйсенбіде арнайы қабылдайтынын да жеткізді.

Бауыржан Ширмединұлы кеш иесінен:

– Мұғалім болу қиын ба еді, әкім болу ма? – деп сұрағанда, Марат Қадыров елдің ең қиын кезеңін еске түсіріп:

–Мен үшін әкім болу қиын болды. Еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы жоқ кез. Қалаға барып, бұрынғы оқушыларымды—бизнесмен жігіттерді жинап, көмектесіңдер дедім. Олар 8 тонна астық тауып берді. Құжат жоқ, оны қалай қаладан алып шығам деп уайымдасам, олар: «Қысылмаңыз, Оралбек Қожагелдинге айтамыз, сізді қаладан шығарып салады деген еді. Сөйтіп елге астық жеткіздік, – деді.

Аңызға айналған абыз 3

Бауыржан Ширмединұлы Есберген Әжібаевпен Марат Қадыров жайлы сұхбаттасқанында ол кезең туралы: «Аудан әкімінің орынбасары Марат Сақыпұлы бір кезде кабинетінде отырып, ұнды үй-үйге бақырашпен бөліп отырғанын көзім көрді», – дегенін жеткізді.

Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау заман туралы кеш иесі:

— ХПП-нің директоры Меңдіғали Ахметов деген азамат болды. Елді қиын кезде алып шыққан диірмені бар еді. Мен оған: «Қорға 5-10 тонна астық алып қалайық, халыққа қыстай диірменнен өткізіп, астықты береміз»,- дедім. Бір күні аудан әкімі Есберген Әжібаев шақырып алып: «Екеуіміз қайырымдылық қорына бір айлық жалақымызды аударайық»,- деді. Мен келістім. Елдің жейтін астығы жоқ, тамағы жоқ. Дүкенші Сапура Гаитовамен аралас дос едім. Қиын-қыстау шақта дүкеншілермен сенімге құрылған қарым-қатынас орнады. Ауылдың әйелдерін Сапураға апарып: «Мынаған қарызға тамақ берші, зейнетақысын, жәрдемақысын алғасын төлейді» дедім. Ол қарызға береді. Кейін әйелдердің бірі тағы дүкенге барғанда, Сапура ақшасын сұраса: «Марат Сақыпұлының өзі төлейді», – депті. Бір күні Мәкеңнің жары Света Тоқтарова дүкенге барса, дүкенші: «Света, Маратқа айтшы, ана әйелдерінің ақшасын төлесін»,- дейді. Содан Света үйге келіп: «Иә, қанша әйелің бар? Сені дүкенші Жымпитының әйелдерін асырап отыр деп айтты» ренжігені бар, — деді Марат Сақыпұлы. Бұл да — Марат ағамыздың ел үшін еткен еңбегінің бір парасы.

Сахнаға көтерілген Сырым ауданының Құрметті азаматы, еңбек және мемлекеттік қызмет ардагері Есберген Әжібаев:

– Марат аға қай салада еңбек етсе де, пайда, материалдық игілік көрем деген жан емес. Оның білімдегі, басқарудағы парасаты – үлкен мектеп. Орынбасарларым Қуандық Мешітқалиұлы мен Марат Сақыпұлы – кәсіби шеберлер. Мәкең білім саласында, Қуақаң шаруашылық саласында білгір азаматтар еді. Осындай орынбасарларыммен қиын-қыстау кезеңнен өттік, —деп естелігін бөлісті.

Одан кейін әңгіме ауаны Марат Қадыровтың өмірлік серігі Света Тоқтаровамен танысқан сәттеріне ойысты. Отбасы құндылығы жайлы әңгіме өрбіді.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы, «Парасат» орденінің иегері, ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева: «Марат Сақыпұлы – ұстаздар үшін кемедегі маяк. Бұл кездесу –оның тәрбие сағаты іспеттес болды», – деді.

Шараның нүктесін қойған Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Марат Сақыпұлын құттықтап:

– Сіз өз өнегеңізбен, біліміңізбен, даналығыңызбен көпке үлгі бола білдіңіз. Шәкірттеріңіз бүгінде ел игілігі үшін еңбек етуде, – дей келе, алғыс хат пен гүл ұсынып, шапан жауып, ат мінгізді.

Аңызға айналған абыз Аңызға айналған абыз 5

Кеш соңында мәдениет үйінің алдында Марат Қадыровты атқа мінгізу рәсімі өтіп, қонақтар естелік суретке түсіп, жүрекке жылы әсермен тарқасты.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Аңызға айналған абыз 6

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале