29.02.2024, 23:13
Оқылды: 57

Сырым ауданы: әріптес аға Махамбет Ерниязов 85 жасқа толды

«Шіркін, зымыраған уақыт-ай», - деп сонау шаққа ойша көз жүгірттім. Сырым ауданы орталығындағы екі қабатты баспасөз үйі (марқұм, редактор Б.Ойшыбаевтың тікелей араласуымен салынған) күндіз-түні еңбек дүбіріне толы болатын. Баспаханадағы қызметкерлер, редакциядағы қалам ұстаған қаламгерлер үшін сол жылдардағы аптасына үш рет шығатын «Қызыл ту», «Қайнар» газетін шығарудың өзі қызығы мен қиындығы мол жылдар еді.

2

Редакцияның үйреншікті дағдысына айналған қарбаласқа толы күндерінің бел ортасында орта бойлы, шымыр денелі келген жігіт ағасы Махамбет Ерниязов баспахана мен  редакция ортасында зыр жүгіріп жүретін. Оның да өзіндік сыры, мәнісі бар.

Өйткені, Мәкең газеттің жауапты хатшысы лауазымында. Ал, «жауапты хатшы»  деген атауға ие болған соң газет санына баратын материалдардың үзілістер болмауы, әр мақаланың бетке орнымен, лайықты орналасуы қажет.

Міне, Мамықтың Махамбетінің негізгі жүгіруінің сыры да осында еді. Сексеннің бесіне толып отырған әріптес аға Махамбет Ерниязовтың  өмір дерегіне сәл тоқтала кетсек. Макеңнің балалық, жастық шағы Сырым өңірінде өтті.

Ауданның Интернационал колхозында дүниеге келген Махамбеттің әкесі Мамық Ерниязов шаруашылықта, сауда, білім беру саласында жемісті қызмет атқарған, елге танымал азамат болды.

Сондықтанда болар Махамбеттің әке-шешесі үнемі ұрпағына, «Білім алыңдар, тәрбиелі азамат болыңдар», - деп ақыл-кеңестерін сол кезеңнің өзінде айта білуі, баланы саналы, қабілетті, адамдық қасиеттерге баулығандық деп ұғындық.

Әке-шешенің тәрбиесін, ақыл-кеңесін санасына сіңіре білген Махамбет Мамықұлы жоғары білім алуды ең басты парыз ретінде санап, Оралдағы сол кездегі А.Пушкин атындағы ұстаздар даярлайтын институтты 1965 жылы бітірді.

Алғашқы қызметтік баспалдағын Абай атындағы орта мектептен бастаған ол Кеңес армиясы қатарындағы азаматтық борышын өткеріп келгесін аудандық комсомол комитетінде хатшылық қызметке орналасты.

1968 жылы облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен Мәскеу қаласындағы жоғары комсомолдық оқу орнын бітірген Махамбет Мамықұлы 1975 жылы Алматы қаласындағы партия мектебінің тыңдаушысы ретінде облыстық, аудандық партия комитетінің жолдамасымен журналистік мамандықты меңгереді.

«Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» - дегендей қосымша мамандықты игерген Махамбет партия, баспасөз саласында қызметтік жолын жалғастырды.

Әлі күнге дейін есінде 1980 жылы Қособа кеңшарында партия комитетінің хатшылығы қызметінде жүргенде қой шаруашылығында төл алудан үндеу көтеріліп, меженің абыройлы түрде орындалғандығы да жұмыстың нәтижелігін көрсетеді.

Махамбет Мамықұлы бүгінде көп жылғы  еңбегінің арқасында ағалық кезеңнен абыройлы өтіп, даналыққа бет бұрған сексен бес жасқа толып отыр.

Сегіз қамалды соңына тастап отырған ол өткен жылдар тармағына көз жүгіртіп, әріптестерімен өткерген шақтарын сағынады.

Өмірден өтіп кеткен қаламдастарын жанарына мұң шалына есіне алса, бүгінде алды зейнеткерлік жастағы, соңы «Сырым елі» газеті редакциясының  қабырғасында қызметін атқарып жүрген журналист інілері мен қарындастарының қалам тербеулеріне Макеңнің көңілі толып, риза болып қалатыны бар.

Сырым ауданында ізі сайрап жатырған зейнеткер, еңбек ардагері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Махамбет Ерниязов бүгінде Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс ауылдық округінде тұрады.

Көңілге кірбің түсіретіндігі өмірлік жары Мақпал жеңгей өмірден өтіп кетсе, жұбаныш, медет етерлігі Макеңнің екі ұлы мен қызынан немерелер, жиендер қызығына кенеліп, бақуатты өмірде болуы.

Ал, Сырым ауданында болып жатырған оңды өзгерістер, жаңалықтарды Мәкең басылымдардан оқып, теледидардан көріп, жас балаша қуанып отырады.

Ғибратты ғұмырдың көрінісі де осы.

Мүсірбек Әлібекұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале