27.08.2025, 17:00
Оқылды: 234

Сырым ауданы: Бағландай қарбыздары-ай, Жетікөлдің

Сырымның далиған даңғайыр даласы 12 ауылдық округті қамтиды. Құдайдың құдіреті, ауылдардың жер жағдайы да әр алуан. Бірі - құмды, бірі - сазды. Бірі - жайылымға, бірі - егінге жайлы. Бір ауыл даласына жер қайысқан үйір-үйір жылқы айдап, отар-отар қой жайса, бір ауыл өзен - көлдерін “буып”, балық шаруашылығымен айналысуда. Яғни, әр ауыл өзінің шаруашылық брендімен мәртебелі.

WhatsApp Image 2025-08-27 at 17.41.18 (1)

Жетікөлдің жайлауы - қырлық шөпке бай, даласында мыңғырған қазақ ақбас ірі қара  тұқымы жайылып, ұсақ малдыңда өсіп өнуіне қолайлы климаты бар мекен. Алыс-жақын аймаққа емдік қасиеті бар тұзды сайларымен де танылған. Бірақ, осы уақытқа дейін бақша өсіріп, қарбыз-қауынмен аты шыға қоймап еді.  Жетікөлде қарбыз көктепті дегенді естімеппіз. Естімегенімізді көзбен көріп, таңырқағанымыз да бар. Айтпақ жаңалығымыз да осында.

Жетікөл ауылдық округі, Қарақұдық қыстағындағы “Қарақұдық” шаруа қожалығы - жұмысы жүйеге түскен, әуелден еңбегін ел мойындаған шаруашылық. Жетекшісі Амантай Есенғалиев 2008 жылы ауылдағы ең алғаш шаруашылық ашып, бүгінде ауыл жұртына үлгілі азаматтардың қатарында. Қазіргі уақытта шаруашылық тізгінін ұлы Рүстем Есенғалиев өз қолына алған.

Биылғы көктемде әкелі - балалы екеу Қойлыбай қырқасына 100 гектар судан екпе шөбінің дәнін салды. Әр дәнмен бірге үкілеген үміт қоса шашылды. Алқаптың дәл ортасына 4 гектар аумағына қарбыз бе қауын дәнін сепкен болатын. Тәуекел деп тас жұтқанмен, тап теңкиіп қарбыз жатар деп ешкім ойламаған.  Бірақ жомарт Жер - ана жарылқайын десе…

Қызығы, бақша айналасында жақын маңда өзен де жоқ, көл де жоқ. Амантай Жамбылұлы - жер бедерінің қыр-сырын танитын, табиғаттың сырын түсінген азамат. Ол, Жетікөлде бір тамшы су құймай-ақ жайқалған қарбыз бен иісі бұрқыраған қауын өсіруге боларын дәлелдеді.

WhatsApp Image 2025-08-27 at 17.41.19

Рүстем де ешкімнің сөзіне сенбей, қалайда жерден өнім алам деп ықылас қойғанға ұқсайды. Аумағын әуелі “электронды бақташымен” қоршап, жер жыртып, көктемде 2 тонна дән әкеліп салып еді. Бір жазда Жетікөл - қарбыз бен қауынның Отаны болып шыға келді.

Отбасылық игілікті бастаманың ендігі қарбаласы - бағландай қарбыздарды ауылға жеткізу. Құмды жердің ылғалынан нәр алған,  химиялық әдіс араласпаған таза ауылдың өнімі -  аудан шаруашылығы үшін мәртебе ғой. Аңсарымыз ауып, Қарақұдыққа барып, бір қарбызын “сойдырып” дәмін көрдік. Адал еңбектің, маңдай тердің дәмі шығады.

Диқандар келер жылы үлкен аумақтағы бақшадан ауылдағы ағайынға қызмет ұсынып, жер ризығының игілігін бірге көруге құлшынып отыр.

WhatsApp Image 2025-08-27 at 17.41.18

“Қарақұдық” шаруа қожалығы бүгінде 7 адамды жұмыспен қамтиды. Агрегаттар тұрағында шабу, буу техникаларынан бөлек 4 трактор дүрілдеп тұр. 15 000 гектар жайлауында 400 бас асыл тұқымды ірі қара, 400 бас көлемінде жылқы және жайылған. Амантай мырза шаруашылық басындағы қара жұмыстан бөлек, ел ішіндегі өзекті мәселелерге де көп ден қойған қоғамдық істе де белсенді азамат.

 

 

Қоңдыкер Елеуов,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале