5.03.2026, 15:00
Оқылды: 14

Сырым ауданы бойынша 10 504 адам дауыс береді

Бұған дейін Сырым ауданына Батыс Қазақстан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов пен комиссия мүшесі Асыланбек Ғұбашев жұмыс сапарымен келгенін хабарлаған едік. Олар мемлекеттік органдардың басшылары, тиісті мекеме мен ұйымдардың өкілдерімен кеңес өткізді. 

IMG_9153

ҚР Орталық референдум комиссиясының күнтізбелік жоспары Сырым ауданында жүйелі жүзеге асуда. Сырым аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Мейірбек Хасанов мәлімдегендей, қазіргі таңда комиссия мүшелері жергілікті атқарушы органнан 10504 дауыс берушінің тізімін алып, азаматтарға шақыру парақтарын таратуда. Бұл жұмыс бүгін аяқталады. Референдум күні дауыс берушілердің мекенжай тіркелімін анықтау мақсатында бес учаскеде онлайн сервис қызметі іске қосылады. Аталған қызметке жауапты комиссия мүшелері тестілік сынаққа қатысқан.

Кеңеске Сырым ауданының әкімі  Жұмагелді Батырниязов, аудан прокуроры Ершат Қамбетов және сала басшылары қатысты. Жұмагелді Жолдыбайұлы азаматтық белсенділік - Қазақстан сияқты демократиялық мемлекеттерде ерекше маңызға ие екенін, Сырым ауданы тұрғындарының республикалық референдумға қатысуы, пікірін білдіруі үшін барлық шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Аудандағы учаскелері жоқ 7 елді мекен бар. Бірақ, шағын ауылдардағы азаматтардың дауыс беруіне де барлық жағдай жасалады.

Батыс Қазақстан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов аудандағы ведомствоаралық топтың жұмысына оң баға берді. Топ мүшелері референдум учаскелерінің жағдайына мониторинг жүргізіп, қажетті шараларды қабылдаған. Барлық учаске қосымша электр генераторларымен жабдықталуда. Дауыс беру орындарында пандустар, тактильді тақталар мен жолақтар орнатылды.

IMG_9162

Наурыздың ортасы - қар еріп, жер жібитін уақыт. Егер, күн райы бұзылып, жол қатынасы үзілсе, «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының техникалары дайын.

Айта кетейік, референдум күні қазақстандықтар “Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?!“  деген сауалға қатысты пікірін білдіреді.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале