Бүгін Сырым ауданына қарасты Шағырлой ауылында аудандық «Достық» лагері ашылып, іс-шараға аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев, Сарой ауылдық округінің әкімі Айбол Жакиев қатысты.
Мемлекеттік Гимн әуеде асқақтап, байрағымыз көкте желбіреді. Лагерьдің топ басшылары лагерь меңгерушісі Лаура Қарғабаеваға рапорт берді. Ауданбасы балаларды құттықтап, қызықты демалыс тіледі. Демалушы оқушылар ән шырқап, би билеп, өнер көрсетті.
Ашылу салтанатынан соң аудан әкімі лагерьдің тыныс-тіршілігімен танысты.
Айта кетейік, аудандық «Достық» лагерінде он маусымда 400 бала қамтылады. Балалармен бес тәрбиеші, бір медбике жұмыс жасайды. Бес мезгіл тамақпен қамтылған. Демалыс пен сауықтыру жұмыстары кешенді жүргізіледі. Әрбір күн білімге, денсаулыққа, спортқа, мәдени тынықтыруға, демалысқа бөлінген. Лагерьде бассейн бар, онда арнайы даярланған жаттықтырушы жүзуге үйретеді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы