6.04.2023, 11:00
Оқылды: 43

Сырым ауданы: су кетті, зардап-залалы қалды

4 млн теңгеден астам шығынды кім өтейді?

Қоян жылының наурызы жымпитылықтардың есінде көпке дейін қалатын болды. Наурыздың 13-і күні Өлеңті, Шідерті өзендері тасып, арналарынан шықты. Әсіресе Өлеңті өзені өзіне сыймай, жағадағы үйлерге қауіп төндірді. Кешкі 17:00-дің шамасында сең Жағалау көшесіндегі үйлердің шарбақтарын қиратып, су қабырғаға сіңіп, ішке кіре бастады. Түнде С. Сейфуллин көшесі тілсіз жаудың жолын бөгеп, әбігерге түсті.

сырым су (3)

Үйді толқын соққанда...

Жымпиты ауылдық округі әкімдігі берген ресми мәліметке сүйенсек, Жымпиты және Өлеңті ауылдары бойынша 4 үйге су кірген. Тасқыннан 8 жанұяда тұратын 33 тұрғын зардап шегіп отыр.
Тасқынның алдын алу жұмыстарының барынша жүргізілгенін, тіпті толқын соққан жағалауды резеңке етігімен кешіп Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің өзі жүргенін айта кету ләзім. Бірақ табиғаттың тосын мінезін адам баласы жуасыта алмайды екен. Тасқын суды да бөгеп тұру қиын болды

сырым су (1)
Өзен деңгейі 13 наурыз күні 22:00-ден кейін кері қайтып, қауіп сейіле бастады. Ертесіне Төлеген Төреғалиев еденін су шайған үйлерге барып, амандық біліп, қолдан келетін көмек берілетінін айтты. Іле-шала ауданда су тасқынынан зардап шеккен үйлердегі шығын көлемін анықтау үшін Сырым ауданының әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына округ әкімдігі, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және әлеуметтік саланың басшылары енді. Тасқыннан тартқан залалдың нақты көлемі қандай? Осы сауалды комиссияның төрағасы, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметовке қойдық:
– Комиссия үйлерге барды, халықпен кездесті. Жағдайды зерделеді. Қазіргі уақытта тасқынның салдарынан тұрғындарға жалпы сомасы 4 787 400 теңгенің шығыны келгені анықталып отыр. Сынған шатыр, бүлінген қабырға, еденді қалпына келтіру үшін шамамен осы көлемдегі қаражат керек, – деді ол.

сырым су (6)
Бүгінгі таңда жанұялардың алды материалдық көмекке ие болуда. Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімі 4 отбасыға 172 000 теңге көлемінде қаражат аударған.
– Сырым аудандық мәслихатының 2022 жылғы 13 сәуірдегі №16-2 «Сырым ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген тізбесін айқындау қағидаларын бекіту» шешімі бар. Шешімге сай «Зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен отбасыларға өмірлік қиын жағдайда қалған сәтінен бастап үш ай ішінде табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептік көрсеткішке дейін бірреттік көмек бере аламыз. Құжат тапсырған 4 тұрғынның есепшотына аудандық бюджеттің жәрдемі аударылды. Қалғандары құжаттары жинақталғасын алатын болады, – дейді бөлім басшысы Кенжегүл Исатаева.

Жұбату жәрдем бола ма?

Біреудің басындағы сынақ – басқалар үшін де сынақ.
ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы аяқтала салысымен, 20 наурыз күні су шайған үйлердің жайымен танысып, тұрғындарымен тілдесу үшін Орал қаласынан «Amanat» партиясының өкілдері келді. Су тасқынынан зардап шеккендерге жәрдемді ұйымдастыру үшін құрылған топтың Бөрлі ауданынан келе жатқан беті екен. Тасқынға төтеп бере алмай, үйлері бүлінген ауданның бірі – Бөрлі.

сырым су (5)
БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов, белгілі кәсіпкерлер, партия белсенділері – Мирболат Құрманғалиев, Мұратбек Мұхамедиев Өлеңті ауылына келіп, әр үйді жіті қарап, жайларымен жеке танысты.Сырым ауданы әкімдігі қайырымдылық істерімен танымал «Қызыл Ай» қоғамының БҚО филиалына да хат жолдаған. Бүгінгі таңда қордың аудандағы өкілі Күлаш Айташева ханым бар мүмкіндікті қарастыруда.
Шынын айту керек, партия болсын, басқа болсын, келіп жағдайды көріп, жұбату сөздер айтудан артыққа бара алмай жатыр. Біздің санамызда «Залалды кім өтейді? 4 миллион теңгеден астам қаражатты кім береді? Үкімет пе, кәсіпкерлер ме, халық па?», – деген сауал көлбеңдейді. Үміт – халықтық игілікке айналған Жымпитыдағы С. Датұлы қоғамдық қорында секілді. Қазіргі таңда аудандағы мекемелер біркүндік қаражаттарын аудара бастаған. «Өлеңті» қайырымдылық қоры да ауылдастарына көмек беруге ниеттеніп жатқан көрінеді.
Біздіңше, осыған дейін коронавирус пандемиясы кезінде аудандағы провизорлық орталыққа жасанды демалу аппараттарын өз күштерімен сатып алған, баспанасыз жүргендерге жылу жинап, үй алып берген, ел болып талай үйді көгілдір отынға қосқан, кішкентай Айшамен бірге ауыр дертті жеңген жомарт сырымдықтарға тағы бір бірігетін, серпілетін сәт туған секілді. Әсіресе бет-жүзі елге танымал, үні мен сөзі өтімді, қолында дүниесі бар азаматтар қолдап жіберсе, өз жыртығымызды өзіміз жамай алатын секілдіміз. Әйтпесе, еденінің астынан су қалқып шыққан үйлердің ішінде әлеуметтік жағдайы әлжуаз отбасылар, қарт анасын, мүмкіндігі шектеулі жарын бағып отырған жандар да бар. Дымқыл үй қашан кебеді? Қабырғаның сызы қашан қайтады? Мүңкіген иіс қашан тиылады?

«Көпірлерді жөндеу көпке созылмаса», дейді халық

сырым су (4) 

Алып сең Өлеңті ауылындағы жаяу адамдар қатынайтын аспалы көпірді екі орап тастады. Тақтайлары сынып, қазіргі уақытта арғы беттегі Д. Күсепқалиев көшесі байланыссыз қалып отыр. Олар аудан орталығына сай-саланы жағалап, автокөлік көпірімен кіруге мәжбүр. Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Ахметтің айтуынша, қазіргі таңда Ж. Досмұхамедов атындағы жалпы білім беретін мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінде білім алатын 5 оқушы мен жұмыс істейтін 1 қызметкер үшін арнайы көлік шығарылған.

сырым су (2)
Аспалы көпірмен қатар С. Сейфуллин көшесінің сыртындағы жаяу көпірдің де тұрбаларын су ағызып алып кетті.
– Жер дегдісе, жаяу көпірді де қалпына келтіреміз. Әзірге тұрғындар малды өріске автокөлік көпірі арқылы айдайды. Уақытша қиындық қой. Одан да өтеміз, – деп елді сабырға шақырады Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов.

сырым су (7) сырым су (8)

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале