Кешегі айдың аяғында Сырым ауданынан «Жымпиты–Мәскеу» экспедициясы жолға шыққан еді. Мақсат – Мәскеу қаласындағы мемлекеттік орталық архивінен Алашорда үкіметі Батыс бөлімшесінің төрағасы, заңгер Жаһанша Досмұхамедовқа қатысты құжаттарды іздестіру. Айта кетейік, Жаһанша Мәскеу императорлық университетінің заң факультетінде білім алған әрі орыс астанасында бірқатар уақыт қоғамдық-саяси қызметтермен айналысқан.
Экспедицияның құрамында тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, Астана қаласындағы жаңа тарих институтының аға ғылыми қызметкері Дәметкен Сүлейменова, тарих ғылымдарының кандидаты, ғылыми қызметкер, алаштанушы Альфия Байбосынова, өлкетанушы, С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева, тарихшы магистрант Тілеген Отарбаев және Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева болды.
Тарихшылар Мәскеу, Воронеж қалаларында болып, архивтерде жұмыстанды. Экспедицияның табысы – Жаһанша Досмұхамедовтың 1910 жылы Мәскеу императорлық университетінде қорғаған 35 беттік кандидаттық жұмысының табылуы. Кандидаттық жұмыстың Мәскеу архивтерінде жатқанын айтып, жар салған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің РһD докторы, аға оқытушысы Мұхтар Исаев еді. «Болашақ» бағдарламасының степендиаты Мәскеу қаласындағы ғылыми-тәжірибелік жұмыстары кезінде арыстың атындағы құнды құжатты тауып алады. Ғалым кандидаттық диссертацияның 4 бөлімнен тұратынын, онда қазақ-қырғыз даласындағы құқықтық нормалар баян етілгенін де зерделеп үлгеріпті.
Алаштану ісінің алдында жаңа міндет – табылған құжаттың көшірмесін алу және ғылыми айналымға енгізу мақсаты тұрды. Міне, осы тұста экспедиция көшін Қызыл алаңға қарай бұрған сырымдық өлкетанушы Айнагүл Ойшыбайдың зор бастамашылдық үлесі бар.
Мәскеуде тарихи әрі танымдық сапарда жүрген Айнагүл ханымнан «Сырым елі» газетінің редакциясына сүйінші хабар жетті:
– 35 беттік кандидаттық жұмыс қолымда. Басқа да құжаттар бар. Батыс Алашорданың тарихын толықтырып жазамыз! - деп жазыпты ол.
Студент Жаһаншаның кандидаттық жұмысының тақырыбы – «ОСНАВНЫЯ ПОСТАНОВЛЕНІЯ КИРГИЗЬ – КАЗЗАКСКАГО ОБЫЧНАГО ПРАВА И НАРОДНЫЙ СУДЬ, КАКЬ ОРГАНЬ ИХЬ ПРИМЕНЕНИЯ».
Асыл ердің отаршыл орыстың ортасында жүріп қазақтың теңдігін, даладағы құқықтық нормаларды батыл тақырып етіп алуы – оның еркіндік ісіне есіл-дертімен берілген жан екенін көрсетеді.
Алдағы уақытта Айнагүл Ойшыбайдың жолжазбасын толық жариялаймыз. Экспедиция мұратына жетті ме, құрам қандай қызметтер атқарды деген сауалдарға сонда жауап беріледі.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы