Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі, «Еңбектегі ерен ерлігі үшін» медалінің иегері, Сырым ауданының Құрметті азаматы Марат Қадыров жетінші мүшел жасына орай өзі 16 жыл басқарған Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте болды. Мұнда қонақтарды аудандық саз мектебінің оқытушылары домбыра үнімен әрленген әуенмен қарсы алды. Мектеп дәлізінде оқушылар Марат Сақыпұлын қол соғып, қошеметпен күтіп тұрды. Меймандар ұлттық қолөнершілер алғабастық Нұрболат Қабиев пен бұлдыртылық Мұрат Рамазановтың туындыларын тамашалады. Одан кейін Қадыр мұражайының жәдігерлерімен танысты.
Мектептің акт залында өткен «Ұлағаты ұрпаққа ұран» атты салтанатты шараның шымылдығы балауса қыздардың «Айна» биімен түрілді. Шараға арнайы шақырылған қонақтар, ауданның ұстаздары, ардагер ұстаздар қатысты.
Алғы сөз Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбыловқа берілді.
Айта кетейік, түске дейін 85 жасты атап өту мақсатында басқа да шаралар өтіп жатқанда, бұл білім ордасында физика пәнінің мұғалімдері тұңғыш рет Марат Қадыров атындағы олимпиадада бақ сынаған болатын. Ұстаздардың білім бәсекесінде бәсі биік болғандарды Марат Қадыров пен қызы Шолпан Қадырова марапаттады. Олимпиаданың бірінші жүлдесі Жырақұдық орта мектебінің мұғалімі Меруерт Уәлиеваға, екінші жүлдесі Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің мұғалімі Саят Елеуовке, үшінші жүлдесі Талдыбұлақ мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінің мұғалімі Назгүл Салимоваға табыс етілді. Қадыровтар отбасы жүлдегерлерге Apple Watch сыйға тартты.
Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директорының міндетін уақытша атқарушы, Марат Сақыпұлының шәкірті Жамиға Камалова мерейтой иесінің адамгершілік қасиеттерін атап, Астана қаласынан «BINOM» мектебін ашып, басқарып, білім ордасына Қадыр Мырза Әлінің атын берген қызы Шолпан Қадыроваға «Қазақстан» баспасында жасалған QR-кодпен жұмыс жасайтын, Қадыр мұраларын оқуға болатын мүсіншені табыс етті.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов Марат Қадыровты аудандық білім беру бөлімі сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін арнайы алтын жалатылған төсбелгімен марапаттап, кәсіподақ атынан «Myrza Brаnd» шапанын жапты.
Аудандық білім беру бөлімі атынан Марат Сақыпұлына жергілікті суретші Арнұр Қажымовтың «Шідерті өзені», Шолпан Маратқызына қолөнерші Нұрболат Қабиевтің «Ана бақыты» туындысы сыйға тартылды.
Шолпан Қадырова Сырым ауданының физика пәні мұғалімдерінің білімін, әлеуетін көтеру мақсатында қыркүйек айынан бастап, физика пәнінен онлайн шеберлік сағаттарын ұйымдастыратынын айтты. Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің физика пәні әдістемелік бірлестігіне планшет табыс етті.
Сырым ауданының білім саласына сүбелі үлес қосқан ардагер ұстаздар Райса Тәжмұханова, Рақымжан Хамза, Мақсот Бижанов М.Қадыровты мерейтойымен құттықтап, естеліктерімен бөлісті.
Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп ұстаздары Қадыр жырларын жатқа оқып, Абай орта мектебінің ұстаздары хормен ән шырқады.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы