10.07.2025, 17:00
Оқылды: 380

Сырым ауданына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары келді

“Адал жолмен кәсіп іздену - парыздан кейінгі парыз.” Екі дүниенің сардары Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы хадисі Мейрамбектің өмірлік кредосына айналғандай. Осыдан 5 - 6 жыл бұрын Сырым ауданы, Жамбыл елді-мекеннің қазық қағып жатқанда да ой-санасына жаңағы сөз сәуле беріп тұрды. Ел - жұрт Мейрамбек Мамбетьяровты жетелеген жай қиял емес, болашағы бар бизнес екенін дүкен сөрелеріндегі сүттің қалбырында бейнеленген қара ала сиырлар ауылдың айналасында жайылып жүргенде түсінді.

image-10-07-25-04-21

Мейрамбек 2022 жылы Беларусь Республикасынан гольштейн сиырының 120 басын алып келді. Қашарлар төлдеп, көбейіп қарасы 200-ден асты. Гольштейн - үлкен денелі, ұзын аяқ, кең желінді мал. Тірі салмағы: 600–750 кг құрайды, ал бұқасы – 900–1200 келіге дейін барады.

Бұл сиырдың құты - сүті. Гольштейн - тұқымдастарының ішінде ең сүтті сиыр. Бүгінгі күні қазақ шаруалары да жоғары өнімділігін әрі сауын аппараттарына жақсы бейімделетінін ескеріп, аулаларына гольштейн  ұстай бастады.
Тұқымның тағы бір тиімділігі - ерте жетілетіндігі.

Әрине, мамандар оның ауруға сезімтал, ем-шөпке тәуелділігі жоғары, климатқа бейімделуі әлсіз, соның ішінде ыстыққа шыдамсыз екенін жоққа шығармайды. Бірақ, Мейрамбек оған толық келіспейді. Тәжірибе көрсеткендей, еуропалық таналар Жамбылдың жайлауында туған фермаларында жүргенде еркін жайылып жүр. Әрине, жерсіндіру оңай болмағаны рас.
Бірақ, бейнет түбі - береке. Бүгін Жамбылдың етегінде 100 бас сиырдың басы байланған сүт фермасы тұр.

image-10-07-25-04-20 (1)

Кеше Сырым ауданына келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова “Берекет” шаруашылығына арнайы келіп, жұмысымен танысты.

Депутаттармен бірге Батыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, “Ақжайық” әлеуметтік - кәсіпкерлік коорпорациясының басшының орынбасары Қазбек Узыканов,
Сырым ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Төлепов және аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева бірге барды.

image-10-07-25-04-21 (1)

Сенаторлардың өңірдегі жұмыс сапарының негізгі мақсаты - ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік бастамалармен, халықтың табысын арттыруға бағытталған “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалардың баянын бажайлау.

“Берекет” шаруашылығы бүгінде күніне тоннаға жуық сүт өндіреді. Жамбылдан келетін қаймақ, май - жұрттың жеңсік асы.
Қазіргі таңда қожалық аумағында құны 1 млрд болатын 400 басқа арналған жаңа ферманың құрылысы жүруде.

Мейрамбек малының азықтық қорының сапасын көтеру үшін биыл 70 га алқапқа судан шөбін екті. Егін тәуліктік айналымы 1 шақырым радиусты құрайтын  “жаңбыр - машинасымен” суарылуда.
“Жаңбыр машинасы”  дегеніміз - дөңгелекті айналмалы суару жүйесі (center pivot irrigation system). Бұл – ауыл шаруашылығында кең қолданылатын жоғары тиімді суару техникасы.
Мейрамбек қытайлық суару жүйелері өндірушісі “Zhonghui Irrigation” компаниясының өнімін таңдаған. Оның қанаты жарты шақырымға жайылады.
⁃ Жайылымдағы мал жасыл шөпті кешіп жүр десек те, күніне екі мәрте жем береміз. Тамызда қораға тұрғызамыз. Себебі, олар - сүт өндірушілер. Өндіруші сиырға көп күтім, сапалы азық керек. Биыл Жамбылдан алқап дайындап, судан шөбін ектік. Алдағы уақытта жүгері саламыз. Алла қолдаса, біз алға жүріп, дами береміз. - дейді жігерлі кәсіпкер.

image-10-07-25-04-20

Депутаттар жас кәсіпкердің бастамаларын, бизнестегі тәуекелдері мен бүгінгі табысын өте жоғары бағалады, жергілікті билік өкілдеріне жан - жақты жәрдем етуді тапсырды. Себебі, мал баққан адам көп, ал Мейрамбек Мамбетияров сүт өндірісін жолға қоямын деп таудай тәуекелдерге барып жатыр.

Арман Өтеғұлов тек сенатор емес, ауылшаруашылығының білгір маманы, дала ғылымының докторы екенін айту керек.
Міне, ол жас әріптесі Мейрамбекке шаруашылықтағы еңбек пен ғылыми негізді ұштастыру туралы кеңес берді.
Агро сала- қара күш пен ақыл біріккенде ғана алға қарыштайды.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале