13.06.2017, 18:07
Оқылды: 56

Сырым ауданына таңданыстарын жасырмады

Бүгін Сырым ауданының орталығы Жымпитыға құрамында Қарағанды және Қостанай қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары бар «Туған елге тағзым!» өлкетану – зерттеу экспедициясы келді. Олар түске дейін Жымпитыдағы С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі мен Алашорда мұражайында болып, танымдық жұмыстар жүргізді.

Орал қаласындағы физика – математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінің өкілі Ақмоншақ Жұмаеваның айтуынша, «Туған елге тағзым!» өлкетану-зерттеу экспедициясы – «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының арнайы жобасы екен. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның өңірлерін танып-білу. Биыл экспедицияның басты тақырыбына Алашорда үкіметінің 100 жылдығы алынып отыр. ХХ ғасырдың басында Жымпитыда Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі жұмыс жасады. Жас зияткерлердің Орал айналып, Жымпитыға келуі де сол себептен.

Жымпитыға келген Қарағанды және Қостанай қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары бүгін Сырым ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Абат Шыныбековпен кездесті. Кездесуге тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова қатысты.

Аудан әкімі өзінің сөзінде ауданның тарихи ерекшелігі жөнінде айтып өтті. Экспедиция мүшелеріне керегі де - сол. Олар алақандай ауданда Сырым Датұлы, Тайлақ батыр, Жаһанша Досмұхамедов, Абдолла Жұмағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Мұратбек Жоламанов сияқты қазақ тарихындағы төбедей тұлғалардың дүниеге келгеніне таңданғандарын жасырмады. Экспедиция мүшелері осыған дейін аяқталған «Жымпиты - Семей» тарихи – танымдық сапарының жұмысы туралы сұрады.

Жас зияткерлер өздерінің экспедициясының жұмыстары бойынша кейін ғылыми мақалалар, эсселер жазады екен. Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков оқушылардың Сырым ауданына қатысты еңбектерінің арасында Сырым ауданы әкімдігінің атынан байқау ұйымдастыруға ұсыныс білдірді. Ұсынысты мектеп педагогтары қолдап отыр.

Құрметті қабылдау жасап, жарқын жүздесуге шыққан ауданның басшысына қонақ оқушылар арнайы сыйлықтарын ұсынды. Орал қаласындағы физика – математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльвира Айдынәлиева аудан әкімі Абат Шыныбековке әріптестігі үшін «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының алғыс хатын тапсырды.

Келген оқушылардың барлығына ерекше құрметпен Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Абдолла» атты кітап пен Сырым ауданының балалар мен жаспөспірімдер шығармашылық орталығының шәкірттері жасаған кәдесыйлар берілді.

«Туған елге тағзым!» өлкетану-зерттеу экспедициясының мүшелері ертең Орал қаласындағы музейлер және өндіріс орындарымен танысады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале