Бүгін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Талдыбұлақ мектеп-бөбекжай-балабақша кешеніндегі 1 қыркүйек - Білім күніне арналған салтанатты жиынға қатысты.
Мектептің директоры Ғинаят Балмағамбетовтың айтуынша, Талдыбұлақтағы білім ошағы жаңа оқу жылын 89 оқушымен бастап отыр. Негізгі жаңалық – 11 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттауда. Талдыбұлақ – оқушы жетіспеушілігі өткір тұрған округ. Жергілікті билік өкілдерінің, ел азаматтарының бірлескен жұмысы нәтижесінде жаңа оқу жылының қарсаңындағы Талдыбұлаққа 3 жанұя көшіп келді. Сәйкесінше, мектеп партасы жаңа оқушылармен толығуда. Ауылдағы оқу үйінде 27 педагог еңбек етуде. Математика пәнінің мұғалімі жетіспейді.
- ХХІ ғасыр – білімділердің ғасыры. Білімнің даңғылы мектептен басталады. Мемлекет балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық қолайлылықты ұсынуда. Әліппе мен Ана тілі қайта оралды. Еңбек сабағының да тиімділігі ескерілуде. Ендігі жерде оқушының білімге іңкәрлігі мен еңбекке құштарлығы, ата-аналардың ұрпақ тәрбиесіне жәрдемі керек.
Сырым ауданы бойынша бүгін 22 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. 3050 оқушы салтанатты жиында сап түзеді. Арман мен үмітті сөмкемен бірге арқалаған 310 бала бірінші сыныпқа аттанды. Сапарлары сәтті болсын! Білімнің биігіне шықсын! – деді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев өзінің құттықтау сөзінде.
Талдыбұлақ мектебіндегі алғашқы қоңырауды Бақтығұл Есдәулет пен Болат Айзере соқты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz