11.02.2026, 23:00
Оқылды: 4

Сырым ауданында 4 ветпункт, 1 станция салынбақ

Батыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев Сырым ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында округ әкімдерімен кездесті. Жиналысқа Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов қатысты.

IMG_8553

Абзал Серікұлы бүгінгі таңда ҚР Үкіметі ветеринария саласына айрықша көңіл бөліп жатқанын айтты. Облыс аумағындағы ветмамандар 100% автокөлікпен қамтылған. Былтыр өңірде 30 мал қорымы салынған. Нақты көрсеткіштер мен көріністер Сырым ауданында да бар. 2025 жылы Бұлдырты, Алғабас, Елтай және Қособа ауылдық округтерінде 4 ветеринарлық пункт салынып, пайдалануға берілді.

- Мал шаруашылығының тынысы ветеринарлық шаралардың сауатты жүргізілуімен ашылады. Мемлекет халықтың басты байлығы мал екенін біледі, сондықтан қолдау да орасан. Батыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасы 2026 - 2027 жылдар ішінде 3 млрд 527 млн теңге қаражатты сала игілігіне пайдаланбақ. 31 ветпунк пен 40 мал қорымын салуымыз керек. Жаңа пункттердің 4-еуі Сырым ауданында салынады. Бұдан бөлек, Жымпитының басынан жаңа ветстанция салу мәселесі де күн тәртібінде тұр, - деді.

Абзал Бралиев алдағы уақытта ветдәрігерлердің ғимараты жаңарып қана қоймай, жалақылары да өсетінін, мамандардан да адалдық және кәсібилік күтетінін айтты. Адалдық дегеннен шығады, ветеринария саласында жалған анықтама жасау тыйылмай тұр.
Бұл жайлыҮкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев та айтты.
Президент айтқандай, соңғы үш жылда малға екпе салынды деген жалған құжат саны 30 мыңнан асқан. Сондықтан, салада тәртіп орнатуды қатаң тапсырып, Бектеновке ветеринарияны дамытудың кешенді бағдарламасын 3 ай ішінде әзірлеуді міндеттеді.

IMG_8555

Ветеринария басқармасы басшысының айтуынша, сала толық цифрланады. Сонда ғана жалған құжат жасаушылардың жолы кесіледі. Ал, айылын жимағандарға қылмыстық жаза тағайындалуы мүмкін.
Халық арасында «Tort Tulik» бағдарламасын қолдануын кеңейту де заңсыздықтардың алдын алады.

Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиев ауданда ақылы ветеринарлық қызмет көрсететін жеке бригадалардың жұмысын ұйымдастыру қажеттігін айтса, біз өз тарапымыздан аудандағы кәсіптік Сырым колледжі қабырғасынан «Ветеринария» мамандығын ашуға қолдау сұрадық.

Жиынды Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов қорытындылады.

Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале