Сырым ауданында әйел кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға бағытталған «Көшбасшылық. Ынтымақтастық. Болашақ» аты іскер әйелдер форумы өтті.

Қыз-келіншектерге арналған басқосуды ұйымдастырушылар да – нәзікжандылар. Атап айтсақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сырым ауданы бойынша директоры Салтаат Жұмағұлова мен аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Самира Қасымова. Шараға жиналған арулар ауданға кіре берістен ерекше құрметпен қарсы алынды. Форум бағдарламасы Әсем Шоқатованың «SANNY A» жаңа кофеханасының ашылу салтанатымен басталды. Бұдан соң меймандар аудандық Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін аралап, ауданның рухани қазынасымен жақынырақ танысты.

Форумның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар іскер әйелдерге алғыс хат тапсырды. Шарада БҚО кәсіпкерлік палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Турсынова, ІӘК төрайымының орынбасары, "Кәсіп" консалтинг орталығының директоры Зульфия Кубеева, "Дәстүр" этнодүкенінің негізін қалаушы Нұрсұлу Ахметова, "Тәтті ме" брендінің негізін қалаушы Шолпан Куспаева, @kundyz_takia этно қазақи бас киімдер үлгісінің негізін қалаушы Құндыз Иманғалиева, ардагер кәсіпкерлер Светлана Амирова, Бәтима Шынтасова, жеке кәсіпкер Айсұлу Ихсанова, "Бір ауыл – бір өнім" республикалық жобасының жеңімпазы Әлия Досанова, "Бұлдырты тәттілері" жеке кәсіп иесі Эльмира Капсанова аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болды.
БҚО кәсіпкерлік палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Турсынова бірнеше қыз-келіншектерді БҚО кәсіпкерлер палатасының директорының, БҚО кәсіпкерлер палатасының Іскер Әйелдер Кеңесінің төрайымының алғыс хатымен марапаттады.
Форум модераторы «Сырым жауһарлары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Бахитова болды. Алғашқы бөлімде “Даму” Кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның БҚО бойынша аймақтық филиалының бағдарламаларды насихаттау жөніндегі бас менеджері Бағдат Утебалиева, Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Гүлжанат Ханғожина баяндама жасады.

Екінші бөлімде "Іскер Әйел – өзгеріс алып келетін тұлға" тақырыбында бойынша «Дәстүр» этно дүкен желісінің негізін қалаушы Нұрсұлу Ахметова кәсіптегі жетістікке жету жолындағы тарихын әңгімелеп берді. Ол 1988 жылы трактордың тізгінінде механизатор болып еңбек жолын бастады. Қазір 20 жылдан бері бизнесте. 2004 жылы саудамен айналысып, кейін 2019 жылы өзгеруге бел буды. Көп ойланып, ағаш шеберханасын ашты. Қытай еліне барып, қазақтың қошқармүйіз оюлы ағаш ыдыстарының зауыттарда қандай химиялық қоспалармен жасалып жатқанын көріп, таза, табиғи өнім шығаруды ұйғарды. 2022 жылы жәрмеңкеде алғашқы өнімі нан тақтайын көрсетті. Сырымның Аралтөбесінен шыққан қыздың ағаш ыдыстары бүгінде бүкіл Қазақстанға әйгілі.
«Тәтті ме» тәттілер желісінің негізін қалаушы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Шолпан Куспаева ерекше қамқорлықты қажет ететін баласын тәрбиелей жүріп, ұлттық бейнелердегі шоколад өнімдерін жасап сатуда өңірде алда келеді.

«Дәрмен» жеке кәсіпкерлегінен Әлия Досанова несие алып, сүтті бағыттағы 12 сиыр сатып алғанын, сүт өнімдерін саттыққа шығарды. Кейін Ақтөбе қаласынан шұжық дайындау курсынан өтіп, кәсібін дамытып, үйдің шұжық өнімдерін дайындауға ауысты.
«Бұлдырты тәттілері» жеке кәсіпкерлігінен Эльмира Капсанова тәтті торттар пісірулі бала күтіміне байланысты демалысында біржола кірісті. Кейін қызметінен өзі қалауы бойынша кетіп, сүйікті ісіне бет бұрды. Бүгінде оның тәттілері облыста танымал.
Форумға қатысушылар ауданның іскер әйелдері Анар Калиуллина мен Айгүл Канекенованың ұлттық нақыш пен заманауи стиль үйлесім тапқан сән үлгілерін тамашалады.
Бизнес-тренер, «Кәсіп» консалтинг орталығының басшысы Зульфия Кубеева шеберлік сағатын көрсетіп, кәсіпкерлікті қолдау жоларын түсіндірді.

«@kundyz_takia» этно қазақи бас киiмдер үлгісінің негiзiн қалаушы Құндыз Иманғали ұлттық бренд жасау жолдарындағы тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шара соңында қатысушыларды мерекелік концерт күтіп тұрды. Жергілікті өнерпаздардың ән-билері көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы