3.03.2021, 15:57
Оқылды: 62

Сырым ауданында "Ашық әкімдік" кеңсесі ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша барша жергілікті атқарушы органдардың жұмыстану керектігі туралы айтқан болатын. Президенттің тапсырмасына сай бүгін ауданда «Ашық әкімдік» кеңсесі іске қосылды.

 сы1

Ашық әкімдік кеңсесінің ашылуына қатысқан аудан әкімі Төлеген Төреғалиев:

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық  диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылғандай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» орнатуға біздің аудан да мүдделі. Бұл кеңсе – мемлекеттік қызметтер көрсетудің  ашықтығы мен қолжетімділігі сапасын көрсететін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске себепкер болатын алаң. Цифрлық бағдарламалар бүгінде заман талабына айналып отыр. Кей елді мекендерде интернет байланысы нашар, кейбір азаматтардың компьютерлік сауаттылығы жетіспеуі мүмкін. Сондай жағдайда халықтың осы алаңға келіп, үйреніп, түрлі мемлекеттік қызметтер  алуына мүмкіндіктер берілген, - деді.

сы2

Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы Медет Мырзаш: «Халық үніне құлақ асатын үкімет» принципіне негізделе ашылған «Ашық әкімдік» кеңсесі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру  мақсатында құрылды. Бұл жерде бес терезе бар. Оның біреуі – аудан әкімі аппаратының кеңсесі, біреуі – өз-өзіне қызмет көрсету терезесі, қалған үш терезеде аудандық дербес бөлімдердің мемлекеттік қызмет көрсету кеңесшісі кеңес беретін болады», - дейді.

сы3

Пандемияға орай елдегі жағдай тұрақталған соң арнайы мөлдір шыны қабырғалы қабылдау бөлмесі, яғни, open space форматында ашықтық принципін ұстанатын қабылдау бөлмесі жұмыс жасайтын болады. Аудан әкімі, орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары қабылдау жүргізеді.

сы4

Аудан бойынша барлық көрсетілетін мемлекеттік қызметтер үшін жауапты маман, Сырым ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы Қайрат Ишанғалиев: «Ашық әкімдік кеңсесінде кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары терезелер арқылы келген тұрғынға мемлекеттік қызмет көрсетіп, кеңес беретін болады. Мәселемен келген азамат электронды кезек алып, күтеді. Терезеге шақырылғанда барып, көмек ала алады. Электрондық емес, қағаз тасымалдағыштағы көмектерді де көрсете аламыз, түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Егер азаматтарға арналған үкімет арқылы немесе электрондық үкімет арқылы шешілетін жұмыс болса, оларға кеңес беріледі. Мұнда өз-өзіне қызмет көрсету орталығы да бар. Әркім өзіне электронды цифрлық қолтаңба алады, электронды үкімет порталы арқылы берілетін 128 түрлі анықтамалар алуына болады. Мысалы, зейнетақы түсімі туралы, жылжымайтын мүлігі бар-жоғы туралы, несие тарихы туралы, жұмыссыз ретінде тіркелу анықтамаларын алады. Заңды тұлғаны тіркеуде осы жерден жүзеге асырылады. «Ашық әкімдік кеңсесі»таңертеңгі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс жасайды, - дейді.

сы5

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале