Фестиваль мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын насихаттауға арналған. Балалар театрларына Қадыр ақынның өлеңдерін, сөзіне жазылған әндерді пайдаланып көрініс дайындау міндеттелді.
Жобаны Сырым аудандық білім беру бөлімі және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, «Демалыс орталығ» МКҚК жанындағы Жымпиты халық театры мен балалармен жұмыс бөлімі ұйымдастырды.
«Ой орманына» атауымен өтіп жатқан фестивальге көрермен ретінде біз де бардық. Сахнадан бала Қадыр мен анасын, Шәмші мен сыған сұлуын, ақын Қадыр мен композитор Ескендірді, Қадакеңнің кейіпкері - Жалқаубекті, бастысы жырға еліткен жеткіншектерді көрдік.
Қазылар реквизит, киім жағындағы кем - кетіктерге мән берген жоқ, негізінен сценарий желісінің тиянақтылығы мен рөлдердің шынайы-жасандылығын бағалады. Сол таразының өзі көп нәрсені көрсетті.
Байқауға 7 білім беру мекемесі мен 3 мәдениет ошағынан барлығы 10 ұжым қатысты. Олардың өнеріне Қ.Мырзалиев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Тұржігітова, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Алмат Шарипов және облыстық Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының режиссері Нұрлыбек Айтқалиев қазылық етті.
Қазылар ұйғарымымен балалар театрлары фестивалінің бас жүлдесін Жаһанша Досмұхамедов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешені иемденді. Олар Қадекеңнің бала кезін, даңқты музыкант Ескендір екеуінің «Атамекен» әні туралы толғанысын сахналады. Бөлімдер арасында мюзикл элементтерін қолданды.
І орынды Аралтөбе мектебінің оқушылары алды. ІІ орынды Абай мектеп – бөбекжай – балабақша кешенінің жас актерлері еншілесе, ІІІ орынға Алғабас ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Балақай» балалар театр студиясы лайық деп танылды.
Бұлан, Талдыбұлақ, Сырым мектеп-лицейі, Қ.Мырзалиев атындағы мектеп және Бұлан халық театры, Тасқұдық ауылдық мәдениет үйінің балалар театры үйірмесі алғысхатқа ие болды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz