18.03.2025, 17:30
Оқылды: 157

Сырым ауданында балаларға арналған Наурыз мейрамы өтті

Аудан әкімінің балаларға арналған “Таңғажайып Наурыз” атты наурыз мерекесі өтті.

Таңғажайып Наурыз 2

Әр ауылдан жиналған бүлдіршіндерді аудан орталығындағы “Marziya Grand Hall” мейрамханасы қарсы алды.

Мерекеге қатысушы қонақтар алдымен аудандық жас туристтер станциясы және аудандық саз мектебінің ұйымдастырған қазақ ауылы көрінісін тамашалады. Яғни, киіз үй ішіндегі шеберлердің қол өнер бұйымдарын қызықтап, алтыбақан теуіп, атқа мінді. Сонымен қатар, ұлттық дәмнен ауыз тиіп, дәстүрлі әндерімізді шырқады.

Таңғажайып Наурыз 1

Мерекелік шара аудандық балалар -жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен қыза түсті. Төрт бөлімнен құралған бағдарламаның алғашқы бөлімінде бүлдіршіндер мерекелік қойылымдар, әуезді ән, ырғақты би тамашалады. Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов Наурыз тойының ақ батасын беріп, қатысушы балаларға арнайы сыйлығын табыс етті. Бағдарламаның екінші бөлімі «Туындыдан — тарихқа» көрмесі атауымен ерекшеленді.

Таңғажайып Наурыз 4 (1)

Бұл бөлімде қонақтар ұлттық қолөнер бұйымдары және балалардың шығармашылық жұмыстарымен танысты. Мерекелік бағдарламаның үшінші бөлімінде балалар ұлттық ойындар ойнап, бақ сынасты. Ұл балалар асық ату, ләңгі тебу, табан тартыс ойындарында сайысса, қыз балалар қол күресіп, бес асық ойынын қызықтады. Балаларға соңғы бөлімде ұлттық тағамдардан құралған мерекелік фуршет дайындалды.

Қоңдыкер Елеуов

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале