Сырым ауданында жылдың соңында тегін газ кіргізуге мүмкіндік беретін жақсы үрдіс бар. Осындай сүйінші жаңалық бүгін ауданның бес отбасын қуантты. Тегін көгілдір отын қосуға арналған сертификатты иелеріне аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов табыс етті.
– «Сырым Датұлы атындағы қоғамдық қоры» арқылы 2017 жылы 3 үйге, 2018 жылы 7 үйге, 2019 жылы 4 үйге, 2020 жылы 16 үйге, 2021 жылы 21 отбасыға, 2022 жылы 6 отбасына көгілдір отын кіргізілді. Барлығы осы игі іс басталғалы 57 отбасы көгілдір отынның жылуымен жанның жылуын қатар алды. Осы орайда қорымызға қолындағы барын берген әр азаматымызға алғысым шексіз, - деді.
Сертифиткатқа алғабастық Нұрболат Галимов, қызылағаштық Аманжол Сүндешов, жамбылдық Аманбай Мұхитов, бұлдыртылық Амансұлу Абишева, өлеңтілік Татьяна Суровцева ие болды. Бұл отбасылардың тегін газға қол жеткізуі үшін әрбір ауылдық округтегі мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері қаржылай қолдау көрсетті.
– «Сырым Датұлы атындағы қоғамдық қоры» соңғы бес-алты жылдан бері аз қамтылған отбасыларды көгілдір отынмен қамтамасыз етіп келеді. Ауданның бюджеттік мекеме қызметкерлерінің аударған қаржылары Тәуелсіздік күні қарсаңында бес отбасын көгілдір отынмен қамтып отырмыз. Бұған қорға жиналған 1 млн 400 мың теңге жұмсалды. Ауыл әкімдері газ өткізуші мердігерлермен 20-30 пайыз жеңілдік жасауға келіссөз жүргізді. Мердігерлер газды үйге дейін тартып береді. Ішкі жұмысын жүргізу әр отбасының өз міндетінде, - дейді қордың атқарушы директоры Айнагүл Ойшыбай.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz