3.08.2021, 12:10
Оқылды: 31

Сырым ауданында инвестиция көлемі артқан

Бүгін Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асланбек Сарқұлов аудандық мәслихаттың кезектен тыс VIII сессиясында Сырым ауданының 2021 жылдың І жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндама жасады. Zoom платформасында онлайн өткен сессия жұмысын мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева жүргізді.

IMG-20210803-WA0029

– Ауданның дамуына оң әсер беретін көрсеткіштің бірі – жеке инвестиция. Биыл жыл басында жоспарланған жобалар шеңберінде 1 млрд. 73,6 млн. теңге инвестиция тартылып, көлемі өткен жылмен салыстырғанда 605,1 млн. теңгеге артық орындалып отыр, – деді А.Сарқұлов.

Сырым ауданында кәсіпкерлікке оң жағдай жасалған. 2021 жылдың 6 айының ішінде 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Кәсіп бастауға ниетті азаматтар үшін аудан 25 бос жер телімін ұсынып отыр. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру орындары, жеке балабақша, жол бойындағы кемпинг, жүн түту цехын салу және басқа да тұрмыстық қызмет көрсету орындарын салу үшін жоспарланған жер телімдері қазір «Смартмап» сайтына шығарылды.

Ауданда құрылыс саласы да қарқынды. Жымпитыда О.Исаев, Х.Есенжанов көшелеріне асфальт төселуде. 2020 жылы басталған Тоғанас ауылына дейінгі кірме жолды орташа жөндеу және Ақсай – Жымпиты автожолының 149 – 159 шақырым аралығындағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аудан орталығында Қ.Сүйірбаев – С.Датов, Асадуллин – С.Датов көшелері және Мұхит, Қажымұқан көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Биыл Тасқұдық, Көгеріс ауылдарында әмбебап спорт алаңдары салынса, Бұлдырты ауылында да көптен күткен спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Алашорда көшесінде музей ғимаратын реконструкциялау жұмысы басталып кетті.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша сөйлеген аудандық мәслихат депутаты, газет редакторы Б.Ширмединұлы имидждік мәселелерге көңіл бөлуді, нақтырақ айтсақ, аудандағы жұмыстарды жарықтандыруды жаңа деңгейге көтеру, өңірдің ақпараттық айдынында аудан туралы оң көзқарас қалыптастыруға жұмыстану туралы айтты. Сонымен бірге депутат Х.Есенжанов көшесінің екінші жартысына асфальт салуды, Сырым колледжін жатақханасымен байланыстыратын тротуар салуды сұрады.

Сессияда бұдан басқа округтердің бюджеттерін толықтыру мәселелері қаралды.

Б. Шерім,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале