10.07.2025, 15:45
Оқылды: 158

Сырым ауданында қараусыз мал кесірінен жол апаты жиіледі

Үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары бүгінде алаңдатарлық деңгейге жетті. Жол үстіндегі бір сәттік бейқамдық – адам өміріне де, темір тұлпарға да қауіп төндіретіні сөзсіз. Осы мәселені шешу мақсатында Сырым ауданында нақты қадамдар жасалып жатыр.

«ҚазАвтоЖол» АҚ Ұлттық компаниясы БҚО филиалы, Жымпитыдағы №39 жол-пайдалану бөлімшесі қазіргі таңда Ақтөбе–Орал бағытындағы жолды 389-384 шақырым аралығын, яғни 5 шақырым бөлігінің сол жақ қапталын темір тормен қоршауды қолға алды. Мұндағы мақсат – төрт түліктің тас жолға тосыннан шығып, апатты жағдай туындатуын болдырмау.

Темір тор – жануарға тосқауыл, жүргізушіге қорған. Десе де, бұл – тек бір бағыттағы шешім. Көлік жүргізушілердің де, мал иелерінің де жауапкершілігі қатар жүруі тиіс. Тәртіп пен техникалық шешім қатар жүргенде ғана жол қауіпсіздігіне қол жеткізуге болады.

image-10-07-25-01-40-4

Сырым ауданы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар «Ақтөбе–Орал», облыстық маңызы бар «Ақсай–Жымпиты» және «Жымпиты–Қаратөбе» бағытындағы тас жолдарда ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбеймесе, азаймай тұр.

Бақылаусыз жүрген төрт түлік – тек жолдағы апат емес, заң алдындағы жауапкершілік екенін ескерген жөн. Осы тақырыпта аудандық полиция бөлімінен ақпарат алған болатынбыз.

image-10-07-25-01-40

Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Амангелді Мекин айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 11 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1 адам жарақат алған. Ал 2024 жылы мұндай 6 оқиға орын алған. Жануар иелері тек 3 оқиға бойынша ғана анықталса, 8 оқиғада әлі күнге дейін мал иесі табылмаған.

Әсіресе, «Ақтөбе–Орал» тас жолының Тоғанас, Алғабас, Жымпиты және Бұлдырты ауылдарының тұсында (326-336, 380-393 және 409-439 шақырым аралығы), «Жымпиты–Қаратөбе» тас жолының 7-60 шақырымында және «Ақсай–Жымпиты» жолының 17-19 шақырымында күндіз де, түнде де үй жануарларының жолға шығу деректері жиілеген.

Мұндай тәртіп бұзушылықтар ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабымен қарастырылып, осы жылдың 6 айында 175 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, аудан тұрғындарына тиісті хаттамалар толтырылды.

image-10-07-25-01-40-2

«Алдағы уақытта үй жануарларын ұжымдық бағуды ұйымдастыру, арнайы жайылым мен айдау бағыттарын белгілеу, бұл іске округ әкімдерін тарта отырып, бірлескен шешім қабылдау жоспарлануда», – дейді полиция майоры.

Сіз не дейсіз, оқырман? Жол жиегін тормен қоршау - апаттың алдын алудың бір жолы. Тағы қандай жолы бар?! Малдың бағымсыз, иесіз жүруі де қатерлерге себеп емес пе?! Неге малға түйісе береміз?!

 

Қ.Жеңісұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале