Сырым ауданының орталық мешітінде «Құран – ғылымның төресі!» атты Құранды жатқа оқудан жарыс өтті. Рамазан айының құрметіне өткен шараны аудандық мешіт және «Сырым» деструктивті секталардан жапа шеккендерге көмек орталығы ұйымдастырды.
Жарысқа қатысқан 13 шәкірт Құран сүрелерін жатқа және аяттарды жалғастырып оқудан сайысты. Олардың білім деңгейлері мен барынша қырағатқа сай оқу қабілеттерін Орал облыстық орталық мешітінің найб имамы Ерденбек Ихсанов, аудандық мешіттің бас имамы Әлішер Ералиев, «Сырым» деструктивті секталардан жапа шеккендерге көмек орталығының басшысы Жасқанат Ерсайынов және Тәжікстаннан келген қари Бехрус Рахимов бағалады.
Қорытынды бойынша, Құранның 15 сүресін жатқа оқушылар арасында Фатима Майлықұл жеңімпаз атанды. Әбіл Отар мен Әділ Отар қалған орындарды бөлісті. Ал 25 сүрені жатқа оқудан Сұлтан Оразбаев І орын, Мирас Сағын ІІ, Мансұр Отар ІІІ орын алды. Қасиетті кітаптың тұтас бір парасын жатқа білетін Фирдаус Қайыржанова Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқу бөлімінің жеңімпазы болып танылды. ІІ орынға Әбубәкір Бақит, ІІІ орынға Манас Лекен ие болды. Қалған қатысушыларға алғыс хат пен сыйақы табыс етілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бүгін жұма намазының алдында марапатталады.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер