15.01.2021, 15:05
Оқылды: 59

Сырым ауданында қыстан қысылыс жоқ

Қарашада түскен қар сол жатқаннан мол жатты. Ерте қар сырымдық шаруаларды асабір әбірерге салған жоқ. Бәрібір малды қарасуыққа қалдырмаймыз деп шаруа ағайын қыстақтың қақпасын ертерек аша қойды.

IMG_0295

Кеше шаруалардың мал-жан амандығын білмек ниетпен Мұқай нүктесіндегі «Жібек жолы» шаруа қожалығының қыстағына бардық. Ғанимат Нұрмұханов жетекшілік ететін «Жібек жолы» шаруа қожалығы мал қыстағына 957 ірі қара, ұсақ малы 1255, 1023 жылқы және 77 түйе малы кіріп, 3 орында қыстатылуда.

Күнінде 22 партия съезі атындағы Өлеңті совхозының №1 фермасы болған «Интернационалдың» тоқырау жылдарында тоқырап қалғаны рас. Кейінгі жылдары басына мал барды, мал барғасын ел барды. Қазір шаруалардың өзі бір ауыл болып отыр. Қожалық салған 5 үйде 5 жанұя тұрады.

Бізді аға шопан Бақтыбек Өмірзақов ағамыз қарсы алды.

IMG_0361

- Қыстаққа дайын болдық. Жылдағыдай қалыпты өтіп жатыр. Қазір жұмыс жеңілдеді. Көп жұмысты техника атқарады. Алдымда 700 қойым бар. Соларды қыстатып отырмын. Мал қорада төлімен бірге ақбасы мен герефорд тұқымды 500 сиыр тұр, - дейді Бақтыбек ағамыз.

Оның Мұқайда тұрып, еңбек еткеніне де сегіз жыл болып қалды.

- Жұмысыз жақсы. Еңбекақымызды алып, жанұямызды асырап, балаларымызды тәрбиелеп отырмыз. Мал шаруашылығымен айналысқанның, қырда тұрғанның бала тәрбиесіне де тигізетін пайдасы бар. Бала мал танып, қырағы, малсақ болып өседі. Негізі, нағыз қазақтар мал баққан ауылдан, қойшы мен жылқышының, бақташының әулетінен шығады, - дейді аға шопан.

Кейін осыдан он шақты жыл бұрын осы қыстақтың басынан қасқыр атып алған жылқышы, «Қасқыр алған Нәсиполла» мақаласының кейіпкері Нәсиполла Уәлиахметовтың амандығын біліп, шаруаның жайын сұрадық.

IMG_0312 (1)

- Іргеде 3 үйір жүр. Қарап қоямыз. Бір-екі күндік жылымық жылқыларға сәл қиын болды. Тебінді мұз жауып тастады. Мұз аттың шашасын тіліп тастайды. Бірақ, бүгін аяз бар. Мұздақ сынатын шығар.

Ауа райы жыл сайын құбылып тұр. Қар ерте түсті. Далада 20 см-дей қар бар. Ерте басталған қыс ерте кетеді, қар наурыздың 25-іне дейін қозғалады деп болжап отырмын, - дейді 18 жыл құрық ұстаған тәжірибелі жылқышы.

Сырым аудандық ауылшаруашылық бөлімінің маманы Ахат Аралбаевтың айтуынша, «Жібек жолы» шаруашылығы жазғы еңбек маусымында ширақ қимылдаған. Малдың қамы деп 5000 тонна мал азығы мен 90 тонна жемдайындаған. Қор жеткілікті.

Ахат Аралбаевтан 2020-2021 жылғы мал қыстағы жайлы ақпарат сұрадық.

- Аудан бойынша барлығы 133 қыстақта мал қыстатылуда. Биыл 47 545 ірі қара малы, 81 996 қой-ешкі және 21 708 жылқы малы қыстаққа кірді.

IMG_0333

2020 жылы 127,24 мың тонна шөп пен 0,66 мың тонна сабан сабағы мал азығы дайындалды. Өткен жылдан 25,42 мың тонна шөп артылды. Бәрін қосқанда, қысқы орындарда 153,32 мың тонна мал азығы және қосымша 2660 тонна жемдік астық бар. Бүгінгі күнге осы дайындалған мал азығынан 113,72 мың тонна мал азығы және 1906 тонна жемдік астық қалып отыр. Азық 2020-2021 жылдың мал қыстағына толық жетеді деп күтілуде, - дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы.

«Жібек жолының» 77 түйесінің 1 інгені ботасымен ауылда тұр екен. Бақтыбек ағамыздың үйіндегі жеңгейдің қолынан шұбат ішіп, ауылға қайттық.

 

Б.Шерім,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале