29.05.2018, 17:05
Оқылды: 40

Сырым ауданында «MEN QAZAQPYN» жобасының іріктеу кезеңі өтті

 

Бүгін Сырым ауданында «MEN QAZAQPYN» дәстүрлі әншілер, термешілер мен күйшілердің телевизиялық мега жобасының іріктеу кезеңі өтті. Аудандық кезеңнің қазылар алқасының төрағасы Батырхан Қайыров пен журналист, «AQJAIYQ» арнасының өкілі Гүлжан Абайқызы түске дейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің қабылдауында болды.

 Жобаның аудандық кезеңіне барлығы 14 үміткер қатысты. Оларды жоғарыда аталған мүшелерінен бөлек, дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет министрлігінің алғыс хатының иегері Мұқамбет Мамықов, аудандық балалар саз мектебінің күй сыныбының оқытушысы, күйші Ахмет Жалмұхамбетов, мәдени демалыс орталығының қызметкері Салтанат Жұбаниязова сияқты өнер өкілдері күй, дәстүрлі ән және терме жанрлары бойынша саралады.

Қазылардың шешімімен, дәстүрлі әндерді орындаушылардың ішінен жымпитылық Армат Алдамжаров, күйшілерден  тоғанастық Темірлан Жолымбетов, жыр және терме айтушылардың арасында үздік өнер көрсеткен қособалық Сәлімжан Әубәкіров пен бұлдыртылық Дархан Қажығалиев жобаның облыстық кезеңіне жолдама алды.

Жобаның іріктеу кезеңіне Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов қатысып, сөз сөйледі. Ол қазақтың ұлттық музыка өнеріне жаңа тыныс қосу мен елге жаңа таланттарды, соның ішінде ұлттық өнердің жаңа өкілдерін таныстыруды мақсат еткен жобаның жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «QAZAQSTAN РТРК» АҚ жүзеге асырып жатқан «MEN QAZAQPYN» мега жобасының облыстағы іріктеу кезеңі 14 маусым күні Орал қаласында өтеді. Облыстан іріктелген үздіктер жобаның телевизиялық кезеңінде өнер көрсетеді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

IMG_1481 IMG_1568

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале