Сырым ауданында “күннің суығын жүректің мейірімімен жылытатын” жақсы дәстүр бар.

Ауылдағы ағайынның да тұрмысы қалалықтармен теңесті, өмір сапасы жақсарды десек те әлі күнге көгілдір отынға қолы жетпеген, күз түссе отын іздейтін жанұялар жоқ емес.
Кешелі біраз Жосалы, Бұлан, Бұлдырты ауылдық округтерінде бірқатар үйлерге тегін газ желісі өткізілді дегенді естіп жан жадырап қалды.
Жосалы ауылдық округінің әкімі Сәкен Мұсаның айтуынша, тұрғын үйлерге көгілдір отын өткізумен айналысатын мердігер мекеме «Экодаши Газ и К» ЖШС Қоңыр ауылындағы әлеуметтік жағдайы әлжуаз бір жанұяның баспанасын газ желісіне тегін қосыпты. Тіпті үйдегі көгілдір отынның шығынын есептегіш құралына дейін орнатқан. Енді үй иесі ішкі жұмыстарға кіріспек.
Сәкен Нұркенұлы демеушілер болса жақсылыққа себепкер болуға шақыратынын, Қоңыр ауылында әлі 3 үйге, Тамдыда бір баспанаға газ жетпегенін айтты.
Бұлан ауылдық округінде 7 үйге газ тартылмаған еді. Оның да саны біреуге кеміді. Округ әкімі Айбарбек Көлбаевтың мәлімдеуінше, Қазбек Гусманов басқаратын “Экодаши Газ и К” ЖШС Бұлан ауылдық округі, Жамбыл ауылындағы тағы бір шаңырақты тегін газ желісіне қосты. Осындай игу іс Бұлдыртыда да жүзеге асқан. Ол туралы кейін толықтыра жатармыз.
Бизнесте әлеуметтік жауапкершілігі деген дүние бар. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, кәсіпорынның өз жұмысын ықиятты атқаруы - кәсібилігі де, ел - айналасына кәсіп шеңберінен шығып шарапатты болуы - кісілігі. Кәсіпкерлігінен кісілігін биік қойған “ЭкодашиГаз и К” ЖШС әріптестеріне үлгі.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы