26.02.2026, 18:00
Оқылды: 42

Сырым ауданында педагог-психологтардың облыстық семинары өтті

Сырым ауданында арасында «Отбасындағы қарым қатынас мәдениеті: сенім және тепе - теңдіктің негізінде бала тәрбиесі» атты  педагог - психологтардың облыстық семинары өтті. 

IMG_6246

Семинардың салтанатты ашылуына Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов, Сырым ауданының білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов және Батыс Қазақстан облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының директоры Ләззат Есенова қатысты.

Серік Әнуарұлы кәсіби алаңда бала тәрбиесіндегі ең өзекті мәселе талқыланып жатқанын, себебі отбасы – баланың алғашқы әлеуметтік ортасы екенін айтты.

- Педагог - психологтар бала мен ата-анаға кәсіби қолдау көрсетеді, бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды еңбек. Бүгінгі семинар жаңа идеялар мен практикалық шешімдерге жол ашып, әр маманның кәсіби әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп сенемін, - деді әкім орынбасары.

Семинардың теориялық бөлімінде облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының Сырым ауданы бойынша әдіскер координаторы Гүлназ Нұржанова Сырым ауданы бойынша 2024-2026 оқу жылындағы аудан педагог психологтерімен жүргізілген жұмыстар туралы хабарлама жасады. Ал, Сырым аудандық білім беру бөлімінің тәрбие бағыты бойынша әдіскері Берік Жанболсынов «Құқықтық мәдениетті қалыптастыру- құқық бұзушылықтың алдын алу кепілі» тақырыбында баяндама оқыды.

Иә, оқушыны мұғалім, ал баланы ата - ана тәрбиелейді. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда ата - аналар бала тәрбиесін де, сонымен перзентінің психологиялық болсын, әлеуметтік болсын, жалпы жеке мәселелерін шешуді мектептің мойынына іліп қойып жатады. Жанұядағы ең жақын жандардың рухани алыстығы осылай басталады.

Қарым-қатынас мәдениеті – отбасы мүшелерінің бір-бірімен сыйластық, түсіністік және жауапкершілік негізінде сөйлесе білуі. Бұл жерде дауыс көтермеу ғана емес, баланың пікірін тыңдау, сезімін ескеру, оның жеке тұлға екенін мойындау маңызды.

Көп жағдайда ата-ана «тәрбиелеуді» бұйрық беру немесе шектеу қою деп түсінеді. Ал заманауи психология балаға сенім білдіру арқылы оның жауапкершілігін арттыруға болатынын дәлелдеп отыр.

Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы  Әкежан Жамбыл  баланың жүрегін өмір суығынан тек жанұядағы жылулық  қана қорғай алатынына келіседі. Бірақ, оқушының тұлға ретінде қалыптасуы, ортаға сіңуі тек психологқа емес, білім беру бөлімі басшысынан бастап бәріне ортақ шаруа екенін айтады.

Педагог - психологтардың диагностикасы көрсеткендей, баланың әлеуметтік жағдайы көп нәрсеге әсер етеді. Ашулану, көңілге іңкәрлік не оқшаулану, іштен тыну, күйзеліс - бәрі де тағдырдың дабылы. Оны кәсіби психолог аңғарып үлгеруге міндетті.

- Сауалнама - жай нәрсе емес! Ол бала көңілінің қоғамға жазған хаты, - деді білім беру бөлімінің басшысы.

Батыс Қазақстан облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының директоры Ләззат Есенованың айтуынша, мектептердегі психологтардың жеке кабинеттері болуы тиіс. Оқушы қалаған сәтінде есігін қаға алатындай, мәселесін айтып бара алатындай. Орталық директоры оқу корпусы тар мектептерде психологтардың қабылдау уақыттары белгіленіп, қабылдау бөлмелері уақытша болса да бос, даяр тұруы міндетті.

IMG_6266

Түстен кейін Қ. Мырзалиев атындағы мектептің базасында семинардың практикалық бөлімі басталды. Бұл бөлім «Аутодеструктивті әрекетке бейім балаларды анықтау» психологиялық тренинг - сағатымен басталды. Кейін педагог - психологтар «Strong Family: отбасындағы эмоциялық балансты сақтау», «Отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті – баланың үйлесімді дамуының негізі», «Отбасындағы зорлық зомбылықтың алдын алу» тақырыптарын талдады.

Айта кетейік, Сырым ауданы бойынша білім беру ұйымдарында 24 педагог - психолог жұмыс жасайды.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале