М.Есламғалиев атындағы аудандық кітапханасында 29 қазан – Қамқоршылар күніне орай «Жүректен жүрекке – мейірімнің күші» атты аудандық семинар өтті.

Басқосуға қамқоршы ата-аналар, мектеп директорлары қатысты. Семинарды аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов сөз сөйлеп ашты. Аудандық білім беру бөлімінің қорғаншылық-қамқоршылық жөніндегі әдіскері Жанна Жайманованың айтуынша, балаларды орналастырудың төрт нысаны бар. Қорғаншылық-қамқоршылыққа беру – туысқанның баласын қамқорлыққа алу, патронаттық тәрбие – туысқан емес балаларды сәбилер үйінен, балалар үйінен тәрбиеге алу, бала асырап алушы – заңды түрде сот арқылы шешілетін, сенім берілетін ата-ана. Ал, төртінші биыл қабылданған нысан – кәсіби отбасына қабылдау, яғни, кез-келген қамқорсыз қалған, ата-анасынан айырылған, үйсіз қалған балаларды уақытша отбасыға орналастыру. Біздің ауданға алғашқы екі нысан көп тараған. Қамқоршылыққа алынған бабалрдың бүгінгі өмірі қонақтарға бейнежазба ақылы көрсетілді.

Кездесуде қамқоршы ата-аналардың өмір жолдары мен қамқорлығындағы балалардың жетістіктері таныстырылды. Қамқоршы ата-аналар өздерінің ізгі істерімен, мейірім мен жауапкершілікке толы жүректерімен балаларға үміт пен жылу сыйлап жүрген ерекше жандар екені айтылды. Атап айтсақ, Алғабас ауылынан зейнеткер ұстаз Забыханым Тасымғалиева, Жымпитыдан ұстаз Тұрсынгүл Белялова, Жанна Жайманова, Дамир Нигметов, Алма Гусманова, Өлеңті ауылынан Тимур Елеубаев, Жанаргүл Бекболсынова, Бұлдырты ауылынан Мұрат Охасов, Жамбыл ауылынан Жанарбек Дүйсенов, есімдері – ауданның рухани байлығы мен адамгершілігінің айғағы. Олар балаларға отбасы жылуын сыйлап, кең жүрегімен махаббат пен мейірімге бөлеуде.
Шара барысында Сағымбай Бөпениязов «Отбасы – баланың басты қорғаны» тақырыбында баяндама жасап, қамқорлыққа алған қос қызының бүгінде бірі Ақтөбе қаласында белді гимназияда педагог болып жұмыс жасап жүргенін, бірі М.Оспанов Батыс Қазақстан медициналық академиясының интерні екенін айтты. «Жүректегі мейірім – өмірлік қамқорлық» атты патронат ана Тұрсынгүл Белялованың өмірлік тәжірибесі тыңдалды. Ол екі ұлын қамқорлыққа алуына үлкен ұлының қалауы себеп болғанын жеткізді. Ата-аналар балаларды қамқоршылықта алға не жетелейтінін, ең қиын мәселелерін қалай жеңе білгендерін айтып, тәжірибелерін ортаға салды.
Қамқорлықтағы балалар Равиль Жарылғасов пен Захарий Чукалин өлең оқып, қатысушылардың қошеметіне бөленді.
«Түсіністік көпірі» атты психологиялық тренингте ата-аналар мен педагогтар арасындағы сенім мен мейірімнің маңызы сөз болды. Ашық микрофон сәтінде қамқоршылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жүрекжарды ойларын ортаға салды. Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және гендерлік саясат жөніндегі комиссиясының төрайымы Шынар Дүйсенғалиева Жасқайрат Жолымбетов пен Сағымбай Бөпениязовтың қамқорлыққа бала алған жылдары елде жағдай қиын болғанын, соған қарамастан олар балаларға жақсы тәрбие мен жоғары білім бергенін айтты. Ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева, Қ.Мырзалиев атындағы мектептің директоры, Меруерт Жұмағали және басқалары пікірлерімен бөлісті.

Шараның екінші бөлімі дөңгелек үстелге ұласты. Оған аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысып, қамқоршы ата-аналарды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Аудан басшысы оларға алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыстады.

Кездесу әсерлі әуенмен әрленіп, Амангелді Ғұбайдуллин атындағы балалар музыка мектебінің оқытушылары Дархан Кажғалиев пен Бақытжан Жанұзақовтың орындауындағы «Попурри» әні қатысушылардың жүрегіне жеткізді.

Бұл мерекелік және танымдық басқосу– қоғамдағы ең ізгі құндылықтар – мейірім мен қамқорлықты дәріптеу, ата-аналық махаббаттың шексіз екенін көрсетті.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы