Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Сырымдағы сұхбат» атты жаңа жобаның тұсауын кесті. Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп музейінде жобаның алғашқы қонағы атбегі, Батыс Қазақстан облыстық «Бәйге» ат спорты федерациясының Президенті Мүтәлі Төреғалимен кездесу өтті.
Атбегілігі өз алдына, Мүтәлі Төреғали өңірімізге өнердің қолдаушысы, руханияттың жоқтаушысы ретінде белгілі. Ол Кеңес үкіметі кезінде биліктің басында, партиялық қызметте болған. Өзі шешен, ақын, палуан, атбегі, яғни сал-сері екенін анық танимыз. Сал-серілікті көбі жігіттің желімен шатастырып жатады, ал Мүтәлі Төреғали шынымен де кешегі серілердей жүйрікті таңдап мініп, жанына жақсы жігіттен серік жиып, жер көріп, ел таныды. Кәдімгідей спорттық мансабын жасаған спортшы. Ленинград қаласында өткен жарыста КСРО Ауылшаруашылық министрлігінің жүлдесін алды. 1982 жылы қазақ күресінен Қазақ КСР чемпионы әрі спорт шебері атанды. «Жымпиты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып қызмет етеді. Оның серіктестігі егіс әрі мал шаруашылығымен айналысады.
Кездесуде шаруашылықтың өкілінен қалай қоғамның адамына айналғаны туралы Мүтәлі Төреғалидің өзі айтты:
-Қызметте болғанымды айттым ғой. Осы қызметте жүріп елге танымал талай өнер адамдарымен кездестім, дастархандас болдым. Кейін олар менің ортама айналды. Орта менің қазақы қасиетімді одан әрі қалыптастырды. Осылайша зоотехниктен идеологқа айналып шыға келдім, - деді ол.
Мүтәлі Төреғали жастармен ұлттық тәрбие жөнінде көбірек әңгімелесті. Ата-анаға құрмет көрсету, ауылды сақтап қалу, ұрпақты еңбекпен тәрбиелеу, атқа міну мәдениетін жаңа деңгейге көтеру, ауданнан атқа міну курстарын ашу мәселелері айтылды. Әсіресе жылқы жайлы көбірек толғанды.
-Жылқы – ұлы даланың егізі. Қазақ жылқыға қарыздар. Ұлан-ғайыр жерді айтпағанда, жүрегіміздегі рух пен қанымыздағы қасиет қазаққа жылқы арқылы дарыды,-дейді атбегі.
Кездесуге арнайы қатысқан ақын, журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Махмет Қажиахметов Мүтәлі замандасына арнаған өлеңін оқыды.
Кездесу соңында Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұртілеу Болат Мүтәлі Төреғалиға естелік сыйлық тапсырды. Айта кетейік, алдағы уақытта ауданнан шыққан өнер, ғылым, спорт, саясат өкілдері, одан бөлек елге келген белгілі адамдар «Сырымдағы сұхбат» жобасының қонағы болады.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер