26.11.2019, 12:00
Оқылды: 154

Сырым ауданында тазылардың «Салбурын - 2019» далалық сынағы өтті

Сырым ауданында тазылар арасында «Салбурын - 2019» далалық сынағы өтті. Жарысқа Сырым, Шыңғырлау, Тасқала, Жәнібек, Бөкейорда, Теректі, Қаратөбе, Бәйтерек, Қазталов аудандарының және Орал қаласының саятшылары тазы қосты.

syrym tazy (2) 

Сынаққа жалпы саны 29 тазы қатысты. Олар түске дейін Жымпиты ауылдық округіне қарасты Қапақ қырын тінтіп, түстен кейін Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының маңындағы сай-саланы тінтті. Олжалы тазылар марапатталды. Далалық сынақта басқа аңшы иттерден ширақтық, ұшқырлық, жылдамдық танытқан бәйтеректік Нұрлан Мұхтаровтың «Нөкер» атты тазысы Батыс Қазақстан облысының чемпионы атанды. Қаратөбелік Әли Төлеуовтің «Қыраны» екінші, ал Арсен Жұмағазиевтің «Құтжол» атты тазысы үшінші орын алды. Барлық саятшыға елде дәстүрлі саятшылық өнерді дамытып, қазақы құмай тазы тұқымын сақтап қалуға қосқан үлестері үшін «Қайсар» спорт клубы мен «Қансонар» аңшылық қоғамдық бірлестігінің алғыс хаттар табысталды.

syrym tazy (6)

-Саятшылық – біле-білген адам үшін үлкен дала мектебі. Қазір өңірімізде дәстүрлі саятшылық, соның ішінде баптап, аңға тазы салу дәстүрі етек жайып келеді. Сырым ауданының өзінде 11 адам тазы ұстайды. Шарамызға басқа аудандардан да саятшылар мен тазылар келді. Бәрімізді ұлттық құндылығымыз – тазыға деген қызығушылық біріктірді. Далалық сынақта тек аңға ит салып қана қоймай, тазыларды баптау, олардың таза тұқымын сақтап қалу туралы үлкен мәселелерді талқыладық, - дейді әуесқой саятшы, сырымдық Сәбит Өмірзақов.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале