Кеше Сырым ауданындағы Өлеңті өзені тасып, ауыл көшелеріне қарай құйыла бастады. Кешке жақын су деңгейі арнасынан 5,47 метрге дейін көтерілгені белгілі болды.
Тасқынның алдын алу мақсатында кеше түске дейін Өлеңтідегі жағалау көшесіндегі үйлердің ауласына қап-қап қиыршық жеткізілді. Алайда, алапат судың ауызын тосу оңай болып па? Кешкі 17:00 шамасында қалқыған сең өзен іргесіндегі үйлердің шарбақтарын, жазғы үйлерін қиратып, толқын баспананың іргетасын тебе бастады. Гидробекет мамандарының айтуынша, өзен суы арнадан сағатына 8 сантиметрге биіктеген.
Сырым ауданының әкімдігі берген ресми ақпаратқа сүйенсек, Өлеңті ауылынд төрт үйге су кірген. Кейбірінің еденінің жабынына ғана білінсе, кейбір үйлер тобықтан су кешуге мәжбүр болды.
Бүгін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Өлеңті ауылына барып, Жағалау көшесіндегі үйлері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті.
Халық биліктен аулажайлары мен су шайған баспаналарын жөндеуге жәрдем сұрауда. Төлеген Төреғалиев арнайы комиссия құрылып, залал көлемін анықталатынын, әкімдік қалпына келтіру жұмыстарына барынша атсалысатынын айтты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz