Мектеп түлектері үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Сырым ауданында тестілеу қорытындысы осы жаңа белгілі болды.
Талапкер жинауы тиіс ең жоғары балл 140-тың 127-сін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің түлегі Айнара Байдосова жинады. Айнара осы арқылы ауданның үздік көрсеткішін бастап тұр. Жалпы, 22 түлек 100 балдан аса көрсеткіш көрсетіпті.
Айта кетейік, тестілеу алдында салтанатты жиын өтіп, аудан әкімі Абат Шыныбеков арнайы қатысып, түлектерге сәттілік тіледі. Тестілеудің жаңа талаптары жайлы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің өкілі Дархан Байдалиев айтып өтті.
Биыл Сырым аудан бойынша 13 мектепті барлығы 189 оқушы аяқтады. Осылардың ішінен 127 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып жатыр. Тест тапсырушылар Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп балабақша кешеніндегі 3 аудиторияға орналастырылды.
Биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматпен жүзеге асырылып отыр. Биылдан бастап, түлектер орта мектепті бітіргені туралы аттестатты мектептегі қорытынды аттестацияның шешімімен алатын болды. Кейін жоғары оқу орынына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады.Тест жұмыстары үш міндетті пәннің және түлектің өзі таңдауына байланысты екі бейінді пәннің сауалдарынан тұрады.
Сырым ауданының Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа балы – 80,42. Ертең апелляциялық комиссияның отырысы өтеді.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Сырым ауданы
zhaikpress.kz