Сырым ауданы, Қособа ауылдық округінде Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Республикасы аумағынан шығарылғанына 37 жыл толуына орай ұлттық спорт түрлерінен ашық ауыл біріншілігі өтті.

“Қайсар” спорт клубы дала сайысына тай, құнан баптаған атбегілерді, садақ тартатын мергендер мен тазы жүгірткен саятшыларды шақырыпты.
Қособадағы дала қызықтарының салтанатты ашылу рәсімі ерекше басталды. Әнұран ойнап, қатысушы шабандоздар көк байрақты желбіретіп шеру жасады. Көрсе көз тоятындай көрініс!

Ашылу рәсіміне Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ерлан Сарсенов қатысты, ел атынан Қособа ауылының белсенді азаматы, аудандық мәслихат депутаты Жеңіс Шәпешов сөз сөйледі.

Шара бағдарламасы бойынша алғашқы болып тайлар сынға түсті. Шабандоздарға 2400 метр бәйге алаңы міндеттелді. Қар кешіп, аяз жұтып екі жарым шақырып шауып шығу тайға да оңай емес.
Бәйгенің аты бәйге! Жарыс жолағын топтасып, иіріле бастағанымен мәре сызығына жақындай келе әрқайсысы өз әлінше даралана түсті. Көрермендердің қиқуымен мәре сызығын Амангелді Алтынбектің “Кербезкөгі” кесті.

Құнан жарыс басталды. Айналма алаңның әр нүктесінде төрешілер. Жарыс жолына шығармас бұрын әрбір қатысушы жүйріктерді бас төреші мұқият тексеріп, жасына тісі сай екенін қадағалауда. Ауыл айналадан жиналған 6 құнан 6 шақырымдық айналма алаңды шауып өтті. Мәрені жымпитылық Жолдыбай Әлиханның “Қаранары” кесіп өтті.

Әрі қарай тазылары шырға тартып, балалар арасында садақ ату жарысына түсті.
Қорытындысында тай жарыс:
IV орын - Ардакөк ( ат иесі Жолдыбай Әлихан, шабандоз Нұрәділ)
III орын - Пуля (шабандоз Нұргелді, ат иесі Тілек Усенов)
II орын - Сұңқар (шабандозы Асылхан )
I орын - Кербезкөк (ат иесі Амангелді Алтынбек)
Құнан жарысы:
III орын - “Секрет” (шабандоз Нұрәділ, ат иесі Темірлан ҮСЕНОВ)
ІІ орын - Қарагер (ат иесу Хайролла Ихсанғалиев, шабандоз Алихан)
І орын - Қаранар ( ат иесі және шабандозы Алихан Жолдыбай )
Тазы жарысы:
ІІІ орын - “Ақтөс” (Ыбыраев Жайнар)
ІІ орын - “Аққұс” (Жантөре Қуанғали)
І-орын - “Лашын” (Елубай Әлғазиз)
Садақ ату:
ІІІ орын - Елубай Абдуғали, Серік Әли
ІІ орын - Қуанғали Жантөре
І орын - Елубай Әлғазиз.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы