9.06.2025, 13:00
Оқылды: 271

Сырым ауданында ұлттық спорт түрлерінен бұқаралық жарыстар өтті

Сырым ауданында Құрбан Айт мерекесіне орай “Құт жауған құрбан айт!” тақырыбымен ұлттық спорт түрлерінен бұқаралық жарыстар өтті. Спорт додаларын ұйымдастырған - “Қайсар” спорт клубы.

PHOTO-2025-06-09-10-16-57

Белді, білекті жігіттер мешіт ауласында ат үстінен аударысса, алыптар екіге бөлініп, арқан тартысты. Осы секілді жамағат қол күресі, кір тасын көтеру және кермеге тартылудан жарысты. Аударыспақтың соңында аттың үстінде  белгілі балуан Нұрсұлтан Өтепов қана қалып, жеңіске жетсе. Қол күресінен бірінші орынға Әсет Нығмет тұрақтаса, 16 келілік қос кір тасын басынан асыра 73 мәрте көтерген Есбол Хұсайыновтан ешкім озып кете алмады. Кермеге тартылудан Мансұр Аманқос дараланса, арқан тартыстан Қособа ауылдық округінің жігіттері мықтылықтарын дәлелдеді. Оларды табан тіреген жерлерінен ешкім қозғай алмады.

Осы секілді ауланың екінші шетінде балалар асық ойнап, ересектері табан тартысқа қатысып жатты. Тізілген асықтарды сақасымен дәл көздеген Нұрәли Қайыржанов жеңімпаз атанды. Табан тартыста Ғибрат Ислам ешкімге есе бермеді.

Жарыстар біте келе жұртшылық мешіт жанына жайылған бозкілемді жағалай тұра қалды. Жымпитыда қазақ күресінің қатысушылары мен жүлдегерлері әуелден көп емес пе?! Алдымнен 2010 - 2013 жылы туған жасөспірімдердің ішінен салмағы 60 келіден аспайтындары шықты. Бұл салмақ дәрежесі бойынша Мансұр Аманқос бірінші орын иеленді. Қызық болғаны - түйе балуандар белдесуі. Аударыспаққа түсіп, бойы қызып келген Нұрсұлтан Өтепов бұл жақта да шайқады. Белдікті өзі иеленді.

PHOTO-2025-06-09-10-16-58

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Құбаев, аудандық мешіттің бас имамы Нұрәлім Қисметов, Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев, Сырым аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұралы Үдреев марапаттады. Оларға “Қайсар” спорт клубының атынан диплом мен ақшалай жүлделер, мешіт атынан демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтар табысталды. Нұрәлім Қисметовтың айтуынша діни мерекеде ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтуі - дін мен дәстүрдің сабақтастығын білдіреді. Мешіт ауласында боз үй тігіліп, айтты тойлаушыларға қонақасы берілді. Ал балаларға тәтті қоржындар таратылды.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале