Сырым ауданында Ұлыстың ұлы күніне арналған "Ұлысым – ұлы мерекем" атты мерекелік театрландырылған мерекелік шара өтті.
Шараның шымылдығы ұлттық киімдегі аудан көркемөнерпаздарының қойылымымен түрілді.
Шарада аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов тұрғындарды мерекемен құттықтады.
- Қазақстандағы жүздеген ұлт пен ұлыстардың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті, берекелі өмір сүріп жатыр. Әз Наурыздың адам баласын ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа тәрбиелейтін тереңнен тартар ежелгі қасиетін біз барлық қазақстандықтардың бойына дарытуға, оны өз өміріміздің салтына айналдыруға міндеттіміз.
Бәріңізді көктемнің жарқын мерекесі Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз күні ойға алған барлық арман-мұраттарыңыз орындалып, үміттеріңіз ақталуға жазсын! Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!, - деді аудан басшысы.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері көрініс тапқан театрландырылған қойылымның жалғасы аудандық демалыс орталығы өнерпаздарының әсем әніне, "Сырым сазы" фольклорлық ансамблінің құлақ құрышын қандырар күйіне, Үлгілі "Айналайын", "Жауқазын" би тобы қыздарының мың бұралған биіне, "Ақ ниет" халықтық әжелер ансамблінің "Әриайдайына" ұласты.
Одан бөлек, Наурыз тойына жиналған ағайын "Қайсар" спорт клубының ұйымдастыруымен өткен ұлттық ойындарды тамашалады.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы