Модернизациядан өткен Алғабас ауылдық кітапханасының есігі оқырмандарға айқара ашылды. Кітапхана - тек оқу орны ғана емес, жанға шуақ, рухқа қуат беретін қасиетті мекен. Сәуір айының 22 жұлдызында алғабастықтар білім мен мәдениеттің жаңа кезеңіне қадам басты.

“Жаңарған кітапхана- жаңашыл әлем” атты Алғабас ауылдық кітапханасының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, ақын, “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының, “Мемлекеттік сыйлықтың”, “Руми атындағы халықаралық сыйлықтың, “Құрмет” және “Отан” ордендерінің иегері, “Қазақстанның құрметті жазушысы” Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Әлішер Науаи атындағы және “Тұран Биримдиги” медалінің иегері, облыстық “Ақберен” жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Қуаныш, “Тана” қоғамдық қорының жоба менеджері Динара Сейітқалиева, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Шолпан Уразаева, облыстық, аудандық орталықтандырылған кітапханалардың директорлары мен кітапханашылары және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсімнің алғы сөзін аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов сөйледі.
Алғабас ауылдық кітапханасы “ ауылдық кітапханаларды модернизациялау” жобасы аясында “Қазақстан халқына” қорының қаржылық қолдауымен “Тана” қоғамдық қоры модернизациялау жобасы бойынша қажетті заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жаңартылған.
Жаңарған кітапхана лентасын “Қазақстанның құрметті жазушысы” Ақұштап Бақтыгереева және кітапхананың тұрақты оқырманы Базарбай Қанатов кесті.
Шара барысында аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов салтанатты рәсімге арнайы келген Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева мен “Ақберен” жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлына сый- сияпат табыстап, құрмет көрсетті.
Қатысушылар кітапхана оқырмандары атынан дайындалған Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған ән, өлең жолдарын тамашалап, кітапхана ішімен танысты.
Кітапхана өз оқырмандарын балалардың шығармашылық алаңы , өнер алаңы, медиатека алаңы, қолөнер алаңы , кітап оқыту орталығы секілді түрлі бағыттағы бөлімдерімен күтеді.
— Алғабас ауылдық кітапханасының кітап қоры 32 мыңға жуық.Жаңарған кітапханамызға "Қазақстан халқына" қорынан бөлінуімен 810 дана жаңа әдебиеттермен қор толысты, қазақ және орыс тілдерінде қамтылған. Балалар үшін "Атамұра" баспасынан "Қазақ аңыздары, тарихы" сынды кітаптармен қатар шетел жазушылары Жюль Верннің, Ганс Христиан Андерсеннің, Шарль Перро шығармаларының аудармалары болуымен қатар, бүгінгі күннің өзекті мәселесі адам баласының тәрбиесі туралы қызықты мотивациялық кітаптар, бизнес, қаржы сауаттылығы туралы және психологиялық кітаптарда оқырмандар сұранысына ие болуда.Жаңарған кітапханамыз тек кітап оқитын орын ғана емес, оқырмандардың жан-жақты шығармашылықпен айналысуына толық мүмкіндіктер бар. Кітапханада түрлі жастағы балалар үшін еркін үйірмелер ұйымдастырылуда”, - деді, кітапхана меңгерушісі Ұлболсын Карина.
Қ.Жеңісұлы
Сырым ауданы