6.03.2025, 9:00
Оқылды: 88

Сырым ауданындағы «Қайрат» шаруа қожалығы мал басын асылдандыруға ден қойған

Сырым ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны бар «Қайрат» шаруа қожалығы жыл сайын дамып, мал басын көбейтіп, асылдандыру жұмыстарын жүргізіп келеді.  Қожалықтың жұмысын ағайынды Қайрат, Бауыржан Өтеповтар дөңгелетіп отыр.

IMG-20250303-WA0164

Шаруашылық былтыр «ҚазАгроҚаржы» ұйымынан 26 млн теңге несие алып, Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты «Нұрдәулет» шаруа қожалығынан 61 бас қазақтың ақбас сиырының қашарларын сатып алды. Жай сиырдан қазір 100-ден астам аналық малды бағып отыр. Сонымен қатар, жабағыларымен қоса алғанда, 150-ге жуық биесі бар.

Мал шаруашылығындағы табысты қадамдар

Шаруашылық жыл сайын «Терра» компаниясына ет өткізеді. Өткен жылы 50 бас енесінен ажырамаған емізулі  баспақтарды тапсырып,10 млн теңге табыс тапты. 40-қа жуық жылқыны да етке өткізіп, 10 миллион теңгеден астам соманы құрады. Бір ірі емулі баспақтың тірілей салмағы 250 келіге дейін жетсе, орташасы 230 келі тартқан. Қожалық жетекшісінің айтуынша, жылдық кіріс шамамен 20 миллион теңгенің айналасында.

IMG-20250303-WA0165

Асыл тұқымды мал өсіруге ден қойылды

Шаруашылық ресейлік етті бағыттағы ауыр салмақты жылқы тұқымының 4 айғырын Тасқала ауданынан сатып алып, оны үйірге қосты. Асыл тұқымды айғырлар  — малдың тұқымын асылдандырып, жылқы етінің сапасын жақсартады.

IMG-20250303-WA0163

Мал төлдету кезеңі

Қазірдің өзінде қожалықта он шақты сиыр бұзаулап үлгерді. Негізгі төл алу кезеңі сәуір айында басталады. Бұл уақыттың таңдалуы да бекер емес. Себебі, қыс мезгілінде төл алу қиынға соғады, ал көктемде төлдеген малға күтім жасау әлдеқайда жеңіл.
Малды қазылған құдықтан сусорғы арқылы суарады. Бұл әдіс суды үнемдеп, малды үздіксіз таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сәуір айында шаруашылық жазғы орынға көшпек. Жаздай мал жайлауда бағылады. Желтоқсан айында қайтадан қыстаққа оралады. Бұл жүйе малдың жақсы жайылып, күйін жақсартуға оң әсер етеді.

«Қайрат» шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Өтепов  мал азығы қожалықтың  өз жерінен қамтамасыз етілетінін айтады.
— Қожалық мал азығына ерекше көңіл бөледі. Биыл 1200 орам шөп дайындалды. Оны өзіміздің жерден техника күшімен жинап алдық. Ал жемді сырттан сатып аламыз. Биыл шаруашылықта мал қыстағы қиындықсыз, жайлы өтіп, қыстан жақсы шығып отырмыз.  Шөп шабу жұмысын оңтайландыру үшін техника  жаңартудамыз. «Қаз Агро Қаржы» ұйымы арқылы 5 пайыздық жеңілдікпен Қытайдың «LOVOL» тракторын 9 миллион теңгеге  алдым. Үкімет тарапынан бұл техникаға 30 пайыз демеуқаржы төленеді. Бұл техника шөп шабуға, оны орап, жинауға өте ыңғайлы. Жаздың аптап ыстығынан қорғайтын кондиционері бар, жанармайды үнемдейді. Шаруаға тиімді көмекші, - дейді Бауыржан Орынғалиұлы.

Шаруашылықтың еңбек күші, негізгі жұмыстары ағасы Қайрат, ерлі-зайыпты Бауыржан- Гүлнұр Өтеповтардың мойнында. Жаз мезгілінде шөп шабу науқаны кезінде маусымдық жұмысшылар тартылады.

«Қайрат» шаруа қожалығы –  өз істерін дамытып қана қоймай, мал сапасын жақсартуға, технологияларды тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөледі. Бұл – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қосылған үлкен үлес деп білеміз.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале